|
11.02.2021 | 17:39
1852

М. Мақатаевтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Байқаудың басты мақсаты – жастардың жадында қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру

М. Мақатаевтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Есіңе мені алғайсың» байқауы өз мәресіне жетті.

Республикалық онлайн сайыс үшін қатысушылар ақынның шығармасын оқып, өлеңге сай бейнеролик түсіріп Инстаграм желісіне жүктеу керек болатын. Байқау демеушілері тағайындаған бір миллион теңгені кім жеңіп алды? Әділ қазы алқасын кімдер тамсандырды? Тақырыпты Almaty.tv телеарнасының тілшісі Сымбат Ноғай тарқатады.

Өскелең ұрпақ бойына поэзияның қасиетін ұғындырған ақиық ақын қашанде ел есінде. Байқаудың басты мақсаты – жастардың жадында қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру.

«Мұқағали атамыздың өзі де айтып кеткендей: «..Ойлаңдар, достар! Өнерде «жарыс» болмайды! Өресi жетпей, күндестiк қылған оңбайды. Өнерiң жетiп, өсе алмай қалсаң, сол қайғы... Күнде таласқан өнерiң өнер болмайды» дейді. Өнеріміз –өнер, өлеңіміз – өлең болу үшін осылай әділетті, ынтымақтастықта жұмыла жұдырық болып, бір жерге бәріміз жиналсақ, ертең өскелең ұрпақты өзіміздің қалауымыздай дұрыс бағытта тәриелеп аламыз деген үміттеміз», – деді ақын, Алатау дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов.

Бір аптаға созылған конкурста 2 мыңнан аса желі қолданушысы сынға түсті. Байқауға айтыскер ақын Ринат Зайытов және ҚР жазушылар одағының мүшелері Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек пен Бауыржан Жақып төрелік етті.

«Кез-келген өлеңді оқи салу емес,  оған сай бейнеклип түсіріп,  оқиға өлеңнің мазмұнымен қабысуы керек. Сол тұтастығы көрінген кезде адамның рухын оятады», – деді ақын Бақыт Беделхан.

Бас жүлде Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Еркежан Төлеубекке бұйырды.  3 минуттық бейнероликті жасауға 3 күн уақыт кеткен.

«Жеңіске адал еңбекпен жеттім деп ойлаймын. Өлеңді оқып тұрған мен болғанмен, бұл - командалық жұмыс. Жалпы бейнеклипті түсіруге атсалысқан кәсіби командаға алғыс білдеремін. Бас жүлде алуыма барлығының еңбегі сіңді», –  деді байқау жеңімпазы Еркежан Төлеубек.

Республикалық байқаудың бас демеушісі –  "ULY DALA" компаниясы. Қазақстандағы компьютерлік техника шығарумен айналысатын жалғыз компания осыдан 10 жыл бұрын ашылған.

«Есіңе мені алғайсың» байқауын естігенде, өзім қолдау көрсетейін деп арнайы хабарластым. Қазақстан бойынша жасөспірімдер, оқушылар, актерлар қатысып жатқандықтан, компаниямның атынан бас жүлдеге – бір миллион теңге, бірінші орынға – моноблок, екінші орынға – моноблок, үшінші орынға – ноутбук беріп отырмыз», – деді байқаудың бас демеушісі Бейбіт Баянбаев.

Екінші орынды «Шәмілге жазылған хаттардан» өлеңімен Семей қаласының тұрғыны Абылай Шайкенов иеленді. Ал үшінші орынға Ұлағат және Санат есімді алматылық ағайындылар лайық деп танылды.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир