Жас келіндер құрт жасап, бауырсақ пісірді
Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында аудандық "Дәстүр – trend" фестивалі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық салт-дәстүр мен қазақ мәдениетіне қызығушылықты оятып, халқымыздың бай рухани қазынасын заманауи өркениетпен ұштастыруды мақсат еткен шара екі кезеңнен тұрды. Ұлттық дәстүр ұлықталған іс-шарада "Атамекен", "Алтын", "Жеті қазына", "Қарашығанақ", "Шаңырақ" атты ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Бес ауыл, бес топ ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып үлгілерін жиналған жұртшылықтың назарына ұсынды.
Ұлттық нақышта өрнектелген әрбір шаңырақта жас келіндер келген қонақтарға сәлем салып қарсы алып, әжелер жас келіндеріне бесік жырын үйретті. Қара өлең айтудан жарысқа түскен әжелердің әсем дауысы құлақ құрышын қандырды. Жас келіндер нан илеп, құрт жасап, дастарқанға бауырсақ, тары, талқан, жент сияқты ұлттық тағамдар қойылған.
Ақ сақалды аталар жамағатқа батасын беріп, әр шаңырақ ауыл адамдарына бас табақ, құда табақ, күйеу табақ, т.б табақтар тартып, мәре-сәре болды.
Асық ойнап, ләңгі тепкен жас балалар да мәз-мейрам. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер фестивальдің көркін қыздырды. Шашбауы сыңғырлаған қыздар мен тақиялы ұлдар айшықты шараның ажарын аша түскендей.
Оқи отырыңыз: Республика күні: Тарихты тану, ұлы күнді ұлықтау – ұрпақ міндеті