Халық қаһарманы Роза Бағлановаға ескерткіш орнатылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Медеу ауданындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдына биіктігі 4,8 метр қола ескерткіш орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда  әнші Роза Бағлановаға ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың, Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино актері Асанәлі Әшімовтың, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішевтің, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың, мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымовтың, филолог әрі ақын Аққұштап Бақтыгерееваның, әншінің туғандары мен жақындары – ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановтардың қатысуымен әйгілі әнші ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Медеу ауданындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдына биіктігі 4,8 метр қола ескерткіш орнатылды, филармония қабырғасында 1949-1960 жылдар аралығында Роза Бағланова өнер көрсеткен еді. Қола және граниттен жасалған ескерткіштің авторлары – мүсіншілер Д. Ағзамов, У. Ақжолтай, А. Жамхан, А. Қабыл.

Ескерткішті ашу рәсімі барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Роза Бағланованың қазақ халық музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармашылығын дамытуға және насихаттауға қосқан баға жетпес зор үлесін атап өтті.

«Біздің ұлы әншіміз Роза Бағлановаға ескерткіш орнату – оның мұрасын құрметтеу және есте сақтау. Ол музыка өнерінің шырқау биігіндегі жарық жұлдыз болды. Оның ерекше дауысы мен таланты біздің халқымыздың баға жетпес құндылығына айналды. Әншінің сүйікті қаласы – Алматыда 100 жылдық мерейтой аясында Роза Бағланованың есімін мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш орнатқанымызға  шексіз қуаныштымын», – деді Ерболат Досаев.

Бүгін Алматыда Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Республика Сарайында «Ақмаңдайлым» атты мерекелік концерт өтті. 

Аты аңызға айналған әншінің репертуарындағы әндерді танымал қазақстандық әртістер орындады.

Новости партнеров