Өнер қырандарының «Берекелі мереке 7» атты концертін тамашалаңыз

14.05.2021 22:49

2007 жылы сахнаға алғаш шыққан «Өнер қырандары» ұжымының құрамы әлі өзгермеген

almaty.tv

Бүгін Almaty.tv телеарнасында  «Өнер қырандары» театрының «Берекелі мереке 7» деп аталатын дәстүрлі концерті көрсетіледі. 7 санының мағынасы да сол шара 7 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Тұрақты көрермені бар театр ұжымы бұл жолы да шынайы оқиғалардан құралған дүниелерді қоюға тырысып, тағылымы мол қойылымды сахналайды. Жаңа бағыттағы кеште әзілмен қатар, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер де қозғалады. Мұнда соңғы бір жарым жылдың ішінде болып жатқан карантин мәселесі де айтылмақ.

«Бұл жолы концерт осы Ораза айт мерекесіне дәл келді. Концертте әдеттегідей адамдарға пайдалы дүниелер ұсынамыз, бір жарым жылдың ішінде болған шынайы оқиғалардан құралған дүниелерді сахналауға тырыстық. Маска мәселесі де, карантин де қозғалды. Адамның жанына жақын дүниені көрсетеміз. Оны тек қана көру керек», – деді «Өнер қырандары» театрының директоры Мадияр Серікбаев.

Театр басшының айтуынша, тәлім-тәрбиесі мен берері мол танымдық кеш көрермен қауымын күле отырып ой салуға, жылатып отырып жүректі жібітуге, сабырлыққа, шүкірлікке, мейірімділікке, қанағатқа шақырады. 2007 жылы сахнаға алғаш шыққан «Өнер қырандары» ұжымының құрамы әлі өзгермеген.

М. Серікбаев бұл жолғы концерттің көрермендерсіз өткізу қиын болғанын айтады.

«Көрерменнің болмағаны қиын. Біз көрерменмен тікелей қарым-қатынасқа үйреніп қалғанбыз. Кері жауап алып отырып, әрбір әзілге, әрбір рухты оятатын сәтте көрермендер қошемет көрсетіп, ойнап жатқан ісіңнің, қойып жатқан дүниеңнің дұрыс-бұрысын бірден біліп отыратын едік. Онлайн концерттерді түсіру бізге қиын болды. Барынша ойнайсың, қоясың. Бірақ, көрерменсіз бәрібір қиын», – деді «Өнер қырандары» театрының директоры Мадияр Серікбаев.

Көрермендерді сағат 20:40-та Ораза айт мерекесімен тұспа-тұс келген, көпшілік көңілінен шыққан «Берекелі мереке 7» атты концертін тамашалауға шақырамыз.