Алматы кітап жәрмеңкесі өтті

31.05.2022 00:37

Көрмеге 60-қа жуық баспа, 10 мыңға жуық адам қатысты

Almaty.tv

Алматы жұрты 3 күн бойы «Алматы кітап жәрмеңкесінің» қонағы болу мәртебесіне ие болды. Мәдениет және спорт министрі алғы сөз алған айтулы шара Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

60-қа жуық баспа, 10 мыңға жуық адам қатысқан көрмеге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елінен арнайы делегация қатысып, жәрмеңкеге кітаптарын ала келді. Ашық аспан астында өткен мәдени шара Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда ұйымдастырылды.

Қатар тізілген ақ шатырларға отандық баспалардың кітаптары қойылды. Келушілер Алтын қордағы 19-20 ғасырдың басында шыққан сирек кездесетін кітаптарды да тамашалай алды. Алматы кітап жәрмеңкесіне Мәдениет министрі Дәурен Абаев пен Алматы қаласының  әкімі Ерболат Досаев қатысты.

«Қазақстанда қанша баспа бар,соның бәрін жинасақ деген ойымыз болған, алпыс шақты баспа келді. Оның ішінде Алматы қаласындағы барлық баспалары келіп, өз кітаптарын адамдарға сатуға шығарды. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан Ресейден баспалар келді», – деді ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов

Баспалар базарлығының тағы бір құндылығы балалар әдебиетіне көп көңіл бөлінген екен. Әсіресе, қазақтілді оқырманға шетел әдебиетін аударғандарын айтады.

«Балаларға арналған әдебиет өте аз. Сол себептен де осы кітапты бүгін шығарып отырмын», – деді балалар оқулығының авторы Гүлдана Исаева.

«Көрмеге мектеп оқулықтарын, сонымен қатар көркем әдеби шығармаларын әкеліп көпшілікке таныстырып отырмыз», – деді «Алматыкітап» баспасының цифрландыру бөлімінің басшысы Әсима Рұсқұлбекова.

Қала халқы көптеп жиналған шарада қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандары сөз алып, кітап жәрмеңкесінің маңызына тоқталып өтті. Дәстүрлі домбыраны дәріптеген оркестр көрмеге келушілердің көңілінен шығып, мәдени шараны сүйемелдеп отырды.

«Алматы қаласында өтіп жатқан кітап жәрмеңкесі өте жақсы бір бастама болып жатыр. Бірнеше кітаптар сатып алдым. Балаларға арналған әдебиет өте жақсы екен», – деді қала тұрғыны Нұргүл Мауленова.

3 күнге созылған кітап жәрмеңкесі келер ұрпақтың кемелденуіне, бәсекеге қабілетті, білімді қоғамның қалыптасуына зор ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар. Құнды кітап көрмесін жылда өткізу жоспарда бар.

Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы