Рамазан Стамғазиев: «Дала сазы» бағдарламасы – ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын алтын көпір

«Дала сазы» бағдарламасы 15 тақырыптан тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» телеарнасында ертеңнен бастап «Дала сазы» бағдарламасы көрерменге жол тартпақ. Осы орайда дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев пен актер Қуаныш Керімқұл «Таңғы студио» бағдарламасына қонаққа келді. Онда «Дала сазында» шырқалатын ән-күйлер туралы толығырақ айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Дала сазы» – қазақ әнінің бар қадір-қасиетін бойына сіңірген еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстырған бағдарлама. Әнші Рамазан Стамғазиев аталған жоба ұлттық өнерімізді дәріптейтінін айтады.

«Аты айтып тұрғандай, «Дала сазы» бағдарламасының мақсаты –  біздің көне ғасырдан келе жатқан ұлттық өнерімізді, ән-күйімізді, жалпы дала әуендерін бір арнаға топтастырып, сол жауһарларымызды қазіргі көрерменге жеткізу. Бұл жоба ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын алтын көпір іспетті», – деді Р. Стамғазиев.

«Дала сазы» бағдарламасы 15 тақырыптан тұрады. Қазақ дәстүрлі музыкасындағы әзіл-қалжыңға құрылған ән-күйлер, қазақ дәстүрлі музыкасындағы махаббат, нәубет, зұлмат жылдар, қазақ ән өнеріндегі күрескер әнші-композиторлар, Абай әндері, айтыс өнері, сонымен қатар этно-фальклор ансамбльдерінің шығармашылығына арналады.

Р. Стамғазиев әзіл-қалжыңға құрылған әндердің астарында үлкен мән жатқанын айтады.

«Халық композиторларының әндері тек философиялық, қара өлеңмен, бір тақырыпқа байланып қалған жоқ. Алуан түрлі әндеріміз бар. Солардың ішінде әзіл-қалжың әндеріне арналған бағдарлама қатыстым. Халықтың жадында сақталған, елдің аузында жүрген көптеген әндерді бір бағдарлама аясына сыйғызуға тырыстық. Әзіл-қалжың әндеріне ел күліп қарағанымен, астарында үлкен мән жатыр», – деді әнші.

Ал бағдарламаға жүргізуші ретінде шақырылған актер Қуаныш Керімқұл «Дала сазы» жобасы арқасында ұлттық ән өнерін тереңінен түсінгенін айтты.

«Дала сазы» бағдарламасы әкеміздің қаны мен ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған ұлттық өнерді дәріптейді.  Дәстүрлі ән деген тек қана ән ғана емес. Ол басы бар, аяғы бар толық спектакль сияқты. Әннің шығу тарихын, себебін біліп тыңдасаң, әсері де өзгеше болады екен», – деді Қ. Керімқұл.

Ендеше, ертеңнен бастап «Дала сазы» бағдарламасының тұрақты көрермені болуға шақырамыз.


Новости партнеров