Алматыға күйші Оразбек Сәрсенұлының домбырасы жеткізілді

03.12.2021 22:04

Өнер майталмандары құнды жәдігерді Alatau Creative Hub орталығына тапсырды

Almaty.tv

Алматыға тарихи тұлға, күйші Оразбек Сәрсенұлы жанына серік еткен күмбірлеген қара домбырасының түпнұсқасы әкелінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ел мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген майталмандар құнды жәдігердің қабылдау рәсімін өткізіп, Alatau Creative Hub орталығына тапсырды. Сондай-ақ басқосуда күйшінің өмірінен сыр шертіп, жас буын санасына ұлағатты ой қалдырды.   

«Бұл жерде қаншама саңлақтарымыздың домбырасы тұр. Соның ішінде Оразбек Сәрсенұлының домбырасы да өз орнын тауып, халықтың игілігіне жарайды деген сенімдемін», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов.  

Жиынға келген аға буынның сөзінше, Оразбек Сәрсенұлының күйлері басқа туындылардан өзгеше және күрделілігімен ерекшеленетін көрінеді. Өнерпаздың шығармалары мұрағатта сақталмай қалғандықтан, бүгінгі жұртқа тек 7 күйі жеткен. Сондықтан болашақта тарихи тұлғаның еңбегін толық зерттеу жұмыстары басталмақ.  

«Қызы Күлайна әке жолын қуып, Оразбек Сәрсеновтің күйлерін насихаттау жұмысымен айналысып жатыр. Соның арқасында шығармалары халыққа кеңінен таныс болып жатыр. Болашақта осылай насихаттала береді деп ойлаймын», – деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Мұрат Әбуғазы.