Бұл телеарнаның ашылуына Елбасының өткен жылы 1 шілдені «Домбыра күні» етіп жариялауы түрткі болған
Еліміздің телеарналары тағы бір «Домбыра» арнасымен толықты. Ұлттық аспаптарымыз бен өнерімізді дәріптейтін Қазақстан тарихындағы тұңғыш телеарна «Жұлдыз» арнасының жанынан ашылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Dombyra» телеарнасында тек домбыра мен күй ғана емес, қазақтың барлық ұлттық аспаптары ұлықталады. Сонымен қоса, көрермен ұлттық аспаптардың үнін тыңдап қана қоймай, домбырадан бастап сыбызғы, сазсырнай, жетіген тағы басқасының тарихына да қанық болады. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ өнері хақындағы хабарлар 24 сағат бойы тек қазақ тілінде тарайды. Мұндай телеарна ашу бұрыннан көкейде жүргенмен, өткен жылы Елбасының 1 шілдені «Домбыра күні» етіп жариялауы түрті болды дейді арна басшылары.
«Ашу жағына келетін болсақ, материалдар өте аз, тың дүниелер жоқ. Дегенмен, ашылғанымызға 1,5-2 ай болды Алматы, Астана қалаларында түсірілімді бастадық. Қорды жинадық. Қазір телеарна ID TV кабельдік жүйесінде тестілік күйде тұр. Құдай қаласа, осы жұма, дүйсенбі күндері Қазақстанға эфирге шығады. Содан кейін спутниктік OТAU арқылы еліміздің барлық қаласына цифрлы түрде қосылады», – деді «Dombyra» телеарнасының директоры Қанат ЕРЖІГІТОВ.
«Мынау жасалып жатқан домбыраның үні, домбыраның сазы. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазаққа тән өзге де аспаптарды жарыққа шығаруға, жаңғыртуға үлкен үлес қосып жатыр деген ойдамын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Секен ТҰРЫСБЕКОВ.
Домбыра телеарнасының басшылары музыкалық кештер мен ұлттық әуенімізді жаңартылған, сапалы форматта таратуды көздеп отыр. Сондай-ақ, арна эфирінен өскелең ұрпаққа ұлттық аспаптарымызды үйрететін танымдық әрі тәлімгерлік тұрғыдағы бағдарламалар көрсетілмек.
Жаңа арнада сондай-ақ, ұлттық өнеріміздің көрнекті өкілдері де кеңінен насихатталады. «Домбыра» телеарнасының ашылуына әсіресе, өнер адамдары ерекше қуанып, дәстүрімізді дәріптейтін арна өміршең болатынына сенім білдірді.
«Домбыра – біздің жанымыз, қанымыз, тарихымыз, барымыз, болмысымыз. Былтыр Домбыра күнінде Президент: «Домбыра – біздің ұлттық кодымыз» деген тамаша ой айтты. Сондықтан бұл телеарнаның ашылуын осы ұлттық қасиеттерімізді, оның ішінде әдет-ғұрпымыз, музыкамызды, әдебиетімізді, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызды сақтап қалуға бағытталған осындай қадам деуге болар. Былтырғы Домбыра күнінің бір жалғасы деп те қабылдаймыз», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА.
«Қазақ халқына «Домбыра» деген телеарнаның жол тартып жатқаны үлкен қуантарлық шара. Енді осы арнаға табысты еңбек тілейміз. Біздің әлі ашылмай жатқан, насихатталмай жатқан ұлттық құндылықтарымыз жетерлік. Соны насихаттауда еңбектеріңіз жана берсін деп тілейміз», – деді дәстүрлі әнші Тілеулес ҚҰРМАНҒАЛИЕВ.
Телеарна басшылары «Домбыраны» коммерциялық арна емес деп қадап айтты. Сондықтан да көңілге қонымды дүниенің барлығы да тегін түсіріледі деді. Сондай-ақ, болашақта еліміздің түкпір-түкпірінен бастап Алтай, Тарбағатай, Моңғолия, Ресей жеріндегі ұлттық өнерге жаны құмар қазақтар арасында түрлі байқаулар ұйымдастыру жоспарда бар. Ал бүгінгі жиынға қатысқандар «Әр қазақтың үйінде күйіміз күмбірлеп тұратын күнге жетейік» деп тарқасты.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Әсет Құндақбаев, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы