Тегін әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп жүрген заңгерлер марапатталып отырмақ

21.02.2019 23:30

Қорғаушылар мемлекет тарапынан сыйақы берілсе, үлкен қолдау болар еді дейді

Бұдан былай әлеуметтік-құқықтық көмекті тегін көрсететін қорғаушылар мен заңгерлер мемлекет тарапынан марапатталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бастаманы Республикалық адвокаттар коллегиясы көтеріп, Үкіметтегілер жеке қаулыға қол қойды. Айтуларынша, бұл – тегін құқықтық көмекті ынталандыруға бағытталған қадам. Ал қорғаушылар болса мемлекет тарапынан сыйақы берілсе үлкен қолдау болар еді дейді.  

«Сыйақы берілсе, Үкімет тарапынан үлкен көмек болар еді. Себебі, қазіргі таңда біз сияқты тегін құқықтық кеңес беріп, халыққа шын пайдасын тигізіп жатқан азаматтарға Үкімет тарапынан ешқандай қолдау жоқ және бұл ісіміздің алға ілгерілеуіне, Үкіметтің сенімін арттыруға үлкен үлес қосқан қадам болар еді. Осы уақытқа дейін біз Үкіметтен қолдау алмай-ақ қызмет етіп келе жатырмыз. Бұл біздің азаматтық борышымыз деп білеміз. Сондықтан бүгінгі таңда марапат беріліп жатса, әрине, қуана-қуана аламыз», – дейді адвокат Кәмшат ЕСМҰХАМБЕТҚЫЗЫ.