Кәсіби джаз клубы 400-ден аса шығармашылық кеш өткізген
Алматыда джаз мәдениеті өркендеп келеді. Оған себеп – елімізде аталған өнер түрінен қалыптасқан мектептердің қарқынды жұмысы. Бұл туралы аты аңызға айналған EverJazz клубының елімізде ашылғанына 1 жыл толуына орай өткен мерейтойда айтылды. Қаладағы тұңғыш кәсіби джаз клубы осы уақыт аралығында 400-ден аса шығармашылық кеш өткізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Небәрі 1 жыл бұрын іске қосылған EverJazz жобасы қаланың ғана емес, Қазақстанның мәдени өмірінің орталығына айналды. Мұнда джаз жұлдыздары мен жас музыканттар өнер көрсетеді. Жаңа топтар құрылып, күн сайын ерекше бағдарлама дайындайды.
– Джаз – еркіндік пен импровизацияның қосындысы. Сондықтан клубты ашудағы мақсаттың бірі – бұл жерді джаз музыканттары мен аталған өнерді ұнататын адамдардың жиналатын орнына айналдыру болды. Алғашында басқа ел, басқа қалада ашылғаны белгілі. Кейін уақыт өте екінші нүктенің Алматыда болғаны дұрыс деп ұйғардық. Себебі, бұл жақта джаз орындаушыларының қалыптасқан мектебі бар. Қазір тұрақты тыңдарманымыз жетерлік, – деді Everjazz продюсері Алексей Глазырин.
Клуб әртістердің орындаушылық шеберлігінің жоғары деңгейіне бағытталғандықтан, EverJazz сахнасында тек кәсіби музыканттар өнер көрсетеді. Мәдени орталық жоғары сапалы музыканың бүкіл палитрасын көрсетуге ұмтылады әрі жаңашылдыққа бейім.
– Менің клубта жүргеніме 1 жыл болды. Сондықтан джазсүйер қауымның күннен-күнге артып жатқанын сенімді түрде айта аламын. Аталған музыка түрін көбірек насихаттап, тыңдарманның қызығушылығын оятуға болады. Мәселен, әр дүйсенбде сахнадан «кім бірінші рет келіп тұр?» деп сұрағанымызда, көпшілік қол көтеретіні қуантады. Джаз музыкасының өз тілі бар. Оны меңгеріп үйрену керек, – деді пианист Елена Богатырева.
Соңғы бір жылда клубта 400-ден астам концерт өтсе, 7 мыңнан астам қала тұрғындары қонақ болды. Отандық музыканттардың концертінен бөлек, EverJazz-дың америкалық және еуропалық жетекші промоутерлермен орнатылған байланысының арқасында орталық тұрғындарды француздық Калое мен Шарлотт Уосси, итальяндық тенор Фабио Лепоре сынды әлем жұлдыздарымен таныстыруға мүмкіндік туды. Мәдени орын басшыларының айтуынша, келешекке жоспар көп.
Жансая Олжабек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы