Осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған халықаралық шараға Монғолия, Тыва, Башқұртстан, Әзербайжан сынды барлығы 17 мемлекеттің өкілдері қатыспақ. Түбі бір түркі тілдес елдердің өнерпаздары өздерінің этно мәдениетін көрсетеді. 40-тан астам ақшаңқай қазақ үйлер тігілген этно ауыл Боралдай сақ қорғанында орналасқан.
«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этно фестивалі рухани жаңғыру бағдарламасының аясында түркі әлемінің ұмытылған, ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерін, спорт ойындарын насихататуға арналған фестиваль болып есептеледі. Мұнда жиналған қауым асау үйрету, жамбы ату, садақ ату өнерімен танысады, түркі әлемінің этно өнер жұлдыздарын көре алады», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бас маманы Мағжан САМАТҰЛЫ.
Ауқымды шара барысында ат ойындары, садақшылар сайысы, алыптар бәсекесі, шеберлер жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Мәселен, Мажарстаннан келген қонақтар ат үстіндегі әскери ойындарға қатысса, Бурят бақсысы Вэлигто Бадмаев ыстық таспен аластау рәсімін жүргізеді. Башқұртстаннан келген мергендер «Мэргэн уксы» атты жаяу және ат үстінде садақ ату өнерін көрсетеді.
Алатау ауданындағы «Боралдай» сақ қорғандарын екі күнге жалғасатын фестивалге кіру тегін.
«Қазақстан, Қырғыз, Бурят, Моңғол сынды елдердің салтында ұқсастықтар көп. Ол осы ұлттардың туыс екенін білдіреді. Алматыға алғаш рет келіп тұрмыз. Табиғаты, қала әдемі. Фестивальдан соң Алматыны аралаймыз. Тарихи құндылықтарды көрсететін осындай ірі шараны Моңғолияда да өткізгіміз келеді», – деді Моңғолиядан келген фестиваль қонағы Зоригоо БАТЦООЖ.