Фильмінің саундтрегін орындау үшін 50-ден астам әртіс кастингтен өткен
Диснейдің тағы бір мультфильмі қазақша сөйледі. «Ойыншықтар хикаясы - 4» туындысы «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған отызыншы туынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Фильм «Болашақ» қауымдастық қорының бастамасымен және Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен тәржімаланған. Анимациялық трилогияның алғашқы дебюті 1995 жылы экранға шыққан. Алайда төртінші бөлімі қазақ тіліне бірінші рет аударылып отыр.
Туындының алдын ала көрсетіліміне қатысқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кино мен телевидение өскелең ұрпаққа тәрбие беретін бірден-бір құрал екенін айтып, әлемдік туындыны қазақша сөйлетудің маңыздылығына тоқталды.
«Елбасы айтқандай, біз ұлттық дәстүрімізді сақтап, бір-бірімізбен қазақша сөйлегенде ғана Қазақстан бұдан әрі гүлдене түседі. Рухымыз биік болмаса, бізге ешқандай экономика көмектесе алмайды. Сондықтан сіздерге көп рахмет. Осындай жобалар көп болсын. Жастарымыз осындай фильмдерді тамашалап, сол арқылы дисней әлеміне еніп, фильмдерде көрсетілген құндылықтарды әрқашанда жоғары ұстауы қажет», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Сонымен қатар, шара барысында қала басшысы Бауыржан Байбек 5 шілде күні Республика сарайында Алматы әкімдігінің қолдауымен «Жұлдыздар шеруі» атты лицензиялық жалғыз Дисней киноконцерті өтенін мәлімдеді. Концертте отандық әншілер қазақ тіліне аударылған анимациялық фильмдердің саундтректерін орындайды. «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмінің саундтрегін орындау үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 50-ден астам әртіс кастингтен өтті. Ал фильм барысындағы саундтректердің барлығын орындаған әнші Данияр Өтеген ағылшын әндерін айту оңайға соқпағанын айтады.
«Мультфильмдегі орындалатын әндердің стилі – кантри. Ол – нағыз америкалық стиль. Осы жағынан, шыны керек, біраз қиындау болды. Бірақ соған қарамастан, жақсы шыққан шығар деп ойлаймын», – деді әнші Данияр ӨТЕГЕН.