Биыл белгілі сәулетші, ғалым, қоғам қайраткері Шота Уәлихановтың туғанына 90 жыл. Бүгін Алматыда «Сәулетші жолы – ұлт құндылығы» атты республикалық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараға қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, Шота Ыдырысұлының жақындары мен замандастары қатысып, баяндама оқыды. Жиында сәулетшінің шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін 7 томдық кітаптың тұсауы кесілді.
«Марқұм Шота ағамыз жұмысқа өте талапшыл адам еді. Екі монументальді жұмыс істедік. Көкшетаудағы Ерементай қаласына Бөгенбай батырдың ескерткішін салдық, Семейдегі Шәкірім атамызға ескерткіш қойдық», – деді сәулетші Қазтай Нарысов.
Шота Ыдырысұлы еліміздің басты символы – Мемлекеттік Елтаңбаның, Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің авторы. Айта кеткен жөн, биыл Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына – 30 жыл. Атаулы дата Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен кең көлемде аталып өтпек. Бүгінгі республикалық конференция да мерейлі мерекеге арнайы ұйымдастырылды.
«Шотаман Ыдырысұлы Елтаңбаның алғашқы нұсқасын алдымен маған ұсынған еді. Өзіме көрсетіп, менің ойымды сұрап, ақылдасып еді. Мен ол кезде ғарышқа ұшуға дайындалып жүргенмін. Сол күйі ол суретті мен өзіммен бірге ғарышқа әкеттім. Қазір менде әлі күнге дейін сақтаулы. Міне сол бейне қазір біздің елдігімізді танытатын айрықша белгіге айналды», – деді ҚР тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.
Айта кеткен жөн, биыл Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына – 30 жыл. Атаулы дата Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен кең көлемде аталып өтпек. Бүгінгі республикалық конференция да мерейлі мерекеге арнайы ұйымдастырылды.