|
01.10.2021 | 18:18
1029

Алматыда тіл ғылымының тұлғаларын танытатын кітап жарық көрді

Еңбектің тұсаукесері Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына орайластырылған

Алматыда тіл ғылымының тұлғаларын танытатын кітап жарық көрді

Алматыда тіл білгірлерін елге кеңінен танытатын «Тіл және тұлға» атты кітап жарық көрді. Еңбектің тұсаукесері Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Кітапта осы 75 жылдың ішінде Алаш зиялыларының жолын жалғастырып, тіл білімінің ілгерілеуіне үлес қосқан академик, түрколог, ғалымдардың ғылыми қызметі, еңбектері туралы мақалалар топтастырылған. Ал кітаптың авторы белгілі ғалым Кәрімбек Құрманәлиев еңбектегі деректерді он жыл жинап, құрастырыпты. Академиктің бұл жинақты шығаруына өзінің ұстазы Шора Сарыбаевтың «Ғалымдардың биобиографиясын жазсам» деген арманы ықпал етіп, сол ойы жүзеге асты.

«Бір-бір ғылыми мектеп қалаған академиктердің ғылыми еңбектері туралы, олардың шетелде танылуы, шәкірттері жөніндегі кітап. Тағы бір қызығы, белгілі тұлғалардың белгісіз қырлары туралы айтылады. Ғылымнан қолы қалт еткенде, сүйікті істері туралы да жан-жақты беруге тырыстым», – деді ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, кітап авторы Кәрімбек Құрманәлиев.

Жас тіл мамандарымен қатар, қалың жұртқа да арналған кітап мың дана болып басылған. Тұсаукесерге келген академиктер мен тілші қауым сонау Ахмет Байтұрсынұлы негізін салған сара жолды жалғаған тұлғалар бейнесі жас ұрпақты рухани байытатынына сенім білдірді.

«Осы кітапта айтқан сол кісінің ізін жалғастырушылар Нығмет аға Сауранбаев, Ісмет Кеңесбаев, Ахмеди Ысқақовтар, Мәулен аға Балақаевтар болды. Қоғамның тілтанымдық қуатын арттыруға көп еңбек етті. Сондықтан бұл кітап менің ойымша, қалың оқырманның жүрегінен орын табады», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова.

«Тұлғатану деген ғылымда сала бар. Сол бізде кенже қалған сала. Әсіресе осы гуманитарлық салада, тілтануда көп жоқ. Кәрімбек Құрманәлиевтің бұл еңбегі осы салаға қосылған, мемлекеттік тіліміздің деңгейін көтеруге үлес қосатын еңбек деп санаймын», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Жамал Манкеева.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир