«Құйрықты жұлдыздай жарқ етті де, жоқ болды». Осылай дегенде иісі қазақтың есіне келетін екі адам бар. Бірі – Шоқан Уәлиханов. Екіншісі – сол Шоқанның бейнесін экранға әкелген Сағи Әшімов. Биыл өнердің биігін жиырма бесінде бағындырған актер тірі болса, 60-қа толар еді...
Асанәлінің монологы:
Сан жамырап таң атса -
Әл таразы електей,
Бірі шығып келе атса,
Бірі кету керектей.
Әкең кетпей бұ сапар -
Бала Сағи, сен кеттің.
Асанқайғы, құса хал,
Күн әкеңді еңіреттің.
Сағым болған Сағи. Ол туралы айтылғанда елге асқар таудай болған әкенің де көкірегі қарс айырылардай шерге, көзі мұңға толы. Әкесінің мұндай халін көрген перзент «Аға, биік болсаңшы! Сен шыдамды адамсың ғой», деп жұбатады екен. Асанәлі Әшімовтің өз естелігі бұл. Ал, 9-сыныбынан киноға түсіп, аз ғұмырында 30-ға жуық фильмде рөл сомдаған Сағи Әшімов тірі болса, 60-қа толар еді.
«Ұлылықтың, тектіліктің ең бірінші сипаты – қарапайымдылық. Ол шынымен де текті, шынымен де ұлы. Қазіргі жұлдызбын деп жүргендер оның бәтеңкесінің бауын байлауға жарамайды деп ойлаймын. Сағиға... Әкесі ол кезде оның қайда түсіп жатқанын білмейтін, өз шаруасы жетіп жатыр. Сонда режиссерлар студент кездің өзінде оның артында жүретін. Өйткені оның тазалығы, ішкі жан дүниесінің тазалығы, камера соны жақсы көретін. Сағидың сол от жанған, от шашқан көзін осы уақытқа дейін әлі бір де бір әріптесімнен көрген емеспін», – деді досы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов.
«Аққан жұлдыздың» рөлін сомдап, ел жадында Шоқан бейнесімен сақталған Сағи Әшімов осы рөлі үшін 25 жасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған. Бұл фильм дегенде айтылар айрықша естелік те, ғажап оқиға да көп. «Сағи сомдаған әр кейіпкер оның ішкі тазалығымен, шынайылығымен астасатын», дейді көзкөргендер. Ал, ел арасында «Сағи Шоқанды сомдап, Шоқан тағдырын құшқан актер» деген сөз бар. Келіспеске келмейді. Себебі ұлттың ұлы Шоқаны отызында, ал Сағидай сабазы 36 жасында келмеске аттанды.
«Сағимен жүрген кезде ішегің түйіліп, күлкіден езуің жиылмайтын. Өйткені таңертеңнен басталған анекдот кешке дейін таусылмайтын. Сағи өмірге алу үшін емес, беру үшін келген азамат. Досына, еліне, жеріне, жанұясына, бала-шағасына нұр боп келген адам еді. Бірақ сол нұрымыз ертерек сөнді», – деді досы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жұмағали Маханов.
Арабшадан аударсақ, Сағи есімі «жомарт» деген мағынаны береді екен. Иә, қатарлас дос пен таныс-туысы, замандастары Әшімовтің жомарттығы мен кеңдігін айтып еске алады. Сағиды сағынады. Ал алып әке жүрегі «Аз ғұмыр кешсе де, қос ұлым опалы ұл болды», дейді. Әлбетте! Сағи Әшімовтің экрандағы бейнесі, кинодағы орны көптің жадында әлі де жаңғырып тұр емес пе?!