Балауыз мүсіндер, мұздағы карнавал: Алматыда қандай мәдени шаралар өтеді

Балауыз мүсіндер, мұздағы карнавал: Алматыда қандай мәдени шаралар өтеді
Көктемнің алғашқы күндерінде шаһарда бірқатар мәдени шаралар өткізілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда балауыздан жасалған мүсіндер көрмесі ашылды. Экспонаттарды Ресей музейі алып келген. Қала тұрғындары мен қонақтары мұздағы карнавалға қатыса алады. 2-3 наурыз күндері сырғанау алаңдарында ерекше театрландырылған шара өтеді. Көктемнің алғашқы күндерінде жоспарланған мәдени шаралар туралы Almaty.tv тілшісі хабарлайды.

Балауыздан жасалған мүсіндер көрмесіне келушілер әлемдегі белгілі шоу-бизнес жұлдыздарын, танымал футболшы Пеле, әйгілі боксшы Майк Тайсонды тамашалай алады. Одан бөлек, «Жұлдыздар соғысы», «Аватар», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Гарри Поттер» сынды фильмдерінің кейіпкерлерін «Гранд Парк» сауда орталығынан көруге болады.

Көрмеде голливудтық танымал фильмдердің кейіпкерлерімен қатар, саясаткерлерді де көруге болады. Ұсынылған жұмыстардың саны 40-тан асады.

Алматылықтар жұлдыздарға жақыннан көз салып қана қоймай, олармен суретке түсуге мүмкіндігі бар. Экспонаттар құдды мүсін емес, тірі адамдай көрінеді. Қандай да бір затты балауызбен бейнелеу тым оңай емес. Әрбір мүсінді дайындау үшін 15 маман тынымсыз еңбек етеді. Олар стилист, әрлеуші, стамотолог, офтольмолог сынды түрлі сала өкілдері.

«Шебер алдымен өзінің кейіпкері жайлы бүкіл мәліметті ақтарып, ол туралы жазылған кітаптарды оқиды. Егер ол тарихи тұлға болса, онда сол туралы түсірілген киноларды көреді. Тек осыдан кейін ғана барып, мүсін бейнесін жасауға кіріседі. Сондай бір топ маманның қолынан өткен соң ғана нағыз персонаж дайын болады», – деді көрме әкімшісі Раиса ПУТИЛИНА.

Алматыда халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде «Жүзінен шуақ шашқан асыл жандар» көрмесі ашылды. Өнердің әр саласында көркемөнер де болсын, мүсін, кескіндеу өнері де болсын, әйел тақырыбына қалам тербемеген суретші кемде-кем.

«Көрмеде музей қорындағы картиналар қойылған. Көпшілік назарына 50-ден астам портрет ұсынылған. Әлем жаратылысындағы тіршіліктің алғашқы бастауы – әйел, біздің халқымыздың ұғымында перзентіне жарық дүние сәулесін сыйлап, өмірге ұрпақ әкелуші бейнесімен көзге елестейді», – дейді өнертанушы Ирина ШКОЛЬНАЯ.

Демалыс күні мұздағы карнавал өтпек. Қызықты бағдарламада театрландырылған шоу, шеберлік сабақ, байқау және концерт өтеді. Осылайша, сырғанау алаңындағы маусым өз мәресіне жетпек.

«Карнавал күндізгі сағат 12-де басталады. Бұл шара 2 наурыз күні «Атакент» көрме орталығы, ал 3 наурыз күні Mart Village сауда орталығы алдындағы сырғанау алаңында ұйымдастырылады. Үздік костюм иелеріне берілетін сыйлығымыз бар», – деді мердігер компания директоры Мұхамеджан ӨСЕР.

Орталық мемлекеттік музейде Орталық Азия қолөнершеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мұнда көздің жауын алатын зергерлік бұйымдар, саз аспаптары, киіз, жібек және тері бұйымдары, кілемдер қойылған. 

«Қазіргі кезде қолдан жасалған бұйымдар өте тиімді, өте пайдалы. Өте көп сұраныста. Сол үшін де қазір қолөнер шеберлерінің осылай басын қосып, өздерінің тауарларын көрсету үшін, жариялап, бір-бірімен тәжірибе, пікір алмасу үшін осындай жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрады», – деп атап өтті

жәрмеңке ұйымдастырушысы Күнсұлу ӘБДІКӘРІМ.

Әр тараптан ағылған отандық және шетелдік он саусағынан бал тамған ісмерлердің авторлық дизайнда жасаған бұйымдарын 3 наурызға дейін алуға мүмкіндігіңіз бар.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров