«Бақытты отбасы»: Алматыда аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері жұмыссыз қалмайды

«Бақытты отбасы»: Алматыда аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері жұмыссыз қалмайды
Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қосымша жұмыс орындары ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қосымша жұмыс орындары ашылды. Осылайша көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға екі қолға бір күрек табуға мол мүмкіндік туып отыр. Олар алдағы уақытта қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына орналасады. Сондай-ақ, қысқа мерзімді курстарға 1 мыңнан аса әлеуметтік жағдайы төмен жанұялар барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

23 жастағы алматылық Сәулет Убайдуллаева университетті былтыр бітірген. Оқуды тәмамдаған жас маман өз еркімен жұмыс іздеп көріпті. Ол компаниялар тәжірибесі жоқ деп алмаған соң қалалық Жұмыспен қамту орталығына жүгінген екен. Жастар тәжірибесіне қатысып, ай сайын степендия алып жүрген. Араға 6 ай салып, жас түлек өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрыпты. Бұл қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр.

«Оқығанымды тәжірибеде қолданып жүрмін. Шынымды айтсам, оқыған бөлек, тәжірибе бөлек, жұмыс істеген бөлек. Осының арқасында қазір өзім мол тәжірибе алдым деп ойлаймын. Шынымен де жұмыс істейді. Әсіресе, жастарға өте қажетті, керек деп ойлаймын. Өйткені, бірден оқу бітіре сала, бәрі өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келеді. Бірақ қазіргі кезде тәжірибең болмаса еш жер жұмысқа алмайды», – дейді Сәулет УБАЙДУЛЛАЕВА.

Ал туғанынан 1-ші топтағы мүгедек, көпбалалы ана Ләззат Сағынышқызы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жұмыс тапты. Жолдасының тұрақты жұмысы болмағандықтан 4 баланы қарап, үйде отыр. Ал өзі «Өмірді сүй» қоғамдық бірлестігінде өзі секілді 15 мүмкіндігі шектеулі жанмен бірге еңбек етеді. Зағип келіншек мұнда гүлге су құйып, тоқыма тоқумен айналысады. Ләззат жаңа жұмысын ұнатып, тіпті ұжымға сіңісіп кеткенін айтады.

«Бірінші айлыққа көбінесе алдымен балалардың тамағын, киімдерін аламыз ғой. Көктем шықты. Енді жаңа киімдер алу керек. Жалпы, өзіме жұмысым ұнайды. Өзімнің ортам болғаннан кейін қысылмай жұмыс істеп, бәріміз бір-бірімізге көмектесіп жүреміз», – дейді Ләззат САҒЫНЫШҚЫЗЫ.

Жұмыспен қамту орталығының мамандары «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қосымша жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі туды дейді. Мәселен, қоғамдық жұмысқа 700 орын және әлеуметтікке жергілікті бюджеттен 800 жаңа жұмыс орны бөлінген. Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қысқа мерзімді оқыту курстарына қатыстыруға 1 мыңнан аса орын ашылды.

«Бізде іс-тәжірибесі бойынша келген жастар былтыр 800 еді. Биыл 2000-ға көбейді. Яғни, жұмыс орны 1200-ге көбейді деген сөз. Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет 500 еді, биыл 400 орын қосып беріп отыр. Қоғамдық жұмыстар бойынша 1200 орын бар еді, биыл 3000 етіп көбейтті. Яғни, 700 орынға қосымша ақша бөліп отыр», – деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы гаухар ӘУЕЛОВА.

Айта кетейік, жоба жыл соңына дейін жалғасады. Егер екі қолға бір күрек таппай жүрген аз қамтылған отбасылар болса, қалалық Жұмыспен қамту орталығына барса болады.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров