Бүгін Алматыда елдің Мәдениет және ақпарат министрі өнер мен әдебиет қайраткерлерін марапаттады. Жиынның алғашқы бөлігі жас қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында өткізілген байқауға арналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін 18-35 жас аралығындағы ақын-жазушыларға проза, поэзия, драматургия мен балалар әдебиеті номинациясы бойынша сайыс жарияланған. еді. Байқауға 53 адам құжат өткізген, 4 қаламгер озып шықты. Министр президенттік арнаулы әдеби сыйлық ақын-жазушылардың шығармашылығына жаңа серпін беретінін айтты.
– Балаларға арналған драмалық шығарма жаздым, бірақ әлі қойылған жоқ. Келесі жоспарым – драмалық шығарманы орыс тіліне аудару, – деді Президенттік арнайы әдеби сыйлықтың иегері Айтолқын Әшімова.
Кездесу барысында мәдениет қайраткерлеріне Мемлекет басшысының өкімімен тағайындалған мемлекеттік стипендия да табыс етілді. Аталған сый өнердің 75 өкіліне ұсынылған. Өз сөзінде ведомство басшысы жыл сайын тағайындалатын бұл марапаттың мәніне тоқталды. Ол «Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, оны әлемге танытуға қосқан үлесіңізге құрмет көрсетеміз» деп, жиынға келген қайраткерлерге алғысын жеткізді.
– Шетелде, елімізде республикалық, халықаралық деңгейде байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Сондықтан да еңбегімізді елеп, мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсетіп, стипендияға лайық деп тапқанына қуаныштымын! – деді Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияның иегері Назым Сағынтай.
Оқи отырыңыз: Балалар әдебиетінің бағбаны: Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толды