|
22.02.2024 | 18:30
4305

Чемпион: Бекзат Саттархановқа арналған қойылымның премьерасы өтті

Аз ғұмырында 143 жекпе-жек өткізген біртуар боксшының образы келген көрерменнің көңілінен шықты

Чемпион:  Бекзат Саттархановқа арналған қойылымның премьерасы өтті Almaty.tv

Алматыдағы қуыршақ театрында боксшы, Сидней олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановқа арналған қойылымның премьерасы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Небәрі 20 жасында еліміздің көк байрағын әлемдік аренада желбіреткен Бекзат Саттархановтың рухына арналған «Чемпион» қойылымын тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Әр дәуірдегі қазақ халқының жеңісі мен жеңілісін түрлі символикалық образ арқылы тарихи фактілермен байланыстыруға аса мән берген қойылым Саттархановтың күресі арқылы ел тарихын баяндайды.

– Рингке шыққан кезде сені не ұстап тұрды? Не көтеріп тұрды? Неге сен құламадың? Неге қол-аяғыңды жоғалтып алмадың? Осы сұрақтарға жауап береміз. Қойылымды көруге 6,7,8-сынып оқушылары келеді. Спектакльден кейін келген 200 баланың екеуі ойланып кетсе, мақсаттың орындалғаны, – деді режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.

Қойылымдағы арманға деген адалдық, мақсатқа жету жолындағы қажырлы еңбек жас жеткіншектерді қайсарлық, өжеттілік пен батылдыққа тәрбиелейді. Аз ғұмырында 143 жекпе-жек өткізген біртуар боксшының образы келген көрерменнің де, Бекзаттың жақындарының да көңілінен шықты.

– Бекзат небәрі 15 жасында спорт әлеміне енді. Ол керемет ұл болатын. Жиырма жасында 5 жылда чемпион болу – ертегі сияқты. Келешек ұрпақта осындай ұл-қыздар болса деп тілеймін, – деді Б. Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова.

– Бекзат Саттархановтың болмысын, азаматтық рухын дәріптейтін, балаларға көп эмоция сыйлайтын, батылдық, патриоттық рух беретін керемет қойылым дүниеге келіп жатыр. Өте қуаныштымыз, – деді көрермен Мәдина Төлеу.

Болмысы бөлек Бекзаттың есімі ел тарихында алтын әріптермен қалары сөзсіз. Ал «Чемпион» қойылымы батыр бейненің ұмытылмауы үшін қосылған үлес болып сахналана бермек.

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: XX қысқы сурдлимпиада ойындары: ел құрамасы қай спорт түрінен бақ сынайды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир