Ресейден ауып келген еліктер СҚО-дағы орман және шаруа қожалықтарының жұмысына қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әдеттегі қаңғыбас мысықтар мен бұралқы иттердің орнына СҚО-ның тұрғындары көшеде ерке еліктерді кездестіріп жүр. Жануарлар ауыл-аймақты, жолдарды, тіпті орталық алаңдарды аралап, мекен іздеп жүрген көрінеді. Жабайы аңдардың қатысуымен болған жол көлік апаттары да жиілеп кеткен екен.
– Өңірде бірнеше рет жаңбыр жауды, кейін аяз тұрды. Айналаны мұз басып, жануарларға азық табу қиынға соқты. Көптеген шаруашылық қорек беруді мезгілінен ертерек бастап кетті. Еліктер ауып келіп жатты. Бізге жануарларды қоректендіру қиындай түсті, – деді Аңшылық шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы Андрей Красников.
Биылғы қысқа орман және аңшылық шаруашылықтары 12 мың центнер шөп, 10 мыңнан астам астық және басқа да жем түрін жинаған. Алайда жабайы еліктердің ауып келуіне байланысты азық қоры азайған. Жергілікті фермерлер шаруаларға көмек қолын созып жатыр, бірақ олардың да астықтары кеміді.
– Бәрі де келіп қоректеніп жатыр. Жемді алдын ала жануарлардың санына қарай дайындап қойғанбыз. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда, биыл азықтан тарылатын сияқтымыз. Себебі қорымыз ортайып қалды, – деді Аңшылық шаруашылығының басшысы Дмитрий Лаврененко.
Ақпанның сарышұнақ аязы жағдайды ушықтырып тұр. Жануарларға жанашырлық танытқан жергілікті тұрғындар ерке еліктерді өздері қоректендіріп жатыр. Жабайы аңдардың тағдырына бей-жай қарамаған 16 жастағы Станислав Гвоздёв арнайы акция да ұйымдастырыпты.
– Жануарларға қалың қардың астынан азық табу қиын болып жатыр. Көзіммен көріп, қатты аяп кеттім. Оларды өзім тамақтандырамын деп шештім. Бастамаммен «Қамқор» клубына бардым, жануарларды бірге азықтандырамыз, – деді Рассвет ауылының тұрғыны Станислав Гвоздёв.
Облыста 900-ден астам бұлан, 1600-ге жуық марал, 3000-ның шамасында қабан және 20 мыңнан астам елік мекен етеді. Бұл жабайы жануарлардың қорегі бір. Сондықтан биылғы еліктер көші-қоны өңірдің экологиялық жағдайының күрделенуіне әкеп соғуы мүмкін.
Мадина Оқас, Айгерім Пернебек, Асар Ербұлан, «Алматы» теларнасы
Оқи отырыңыз: Елімізде қай өңірде алкогольді сусындарды көп тұтынады