Биыл көрнекті Мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов туғанына 90 жыл толды. Мерейтой аясында Алматыда ақын есіміне көше беріліп, өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақтың желқанатты жезкиігі Кәкімбек Салықов ақындығы мен әкімдігін ұштастыра білген біртума дарын иесі. Кеңестік үкіметтің қазақ еліне жүргізген зобалаң саясаты сайран салған 1932 жылы дүниеге келіп, ұлт мақтанышына айналған қайраткер тағдырын өз қолымен жасағандардың бірі. Мәскеуде оқып, шахтада еңбек етіп, кейін партиялық жұмысқа ауысады. Жезқазған кен-металлургия комбинатының партком хатшысынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің комитет төрағасына дейін өседі. Ал жыр әлеміне шыңдалған білікті басшы шағында келіп, бірқатар өлеңдер мен поэмалар жазады. Бүкіл ғұмырын халқының игілігіне арнаған Кәкең 82 жасқа қараған шағында өмірден озды. Өр тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында Алматы қаласы оның 90 жылдық мерейтойын ерекше атап өтті. Мемлекет қайраткерінің құрметіне Бостандық ауданының «Нұр Алатау» шағынауданында көше ашылды.
«Әкем Жезқазған, Сатпаев қаласын салуға, кеніштерді салуға көмектесті. Астанада бой көтерген әрбір ғимаратқа қуанып, тамсанатын. Ол өмір бойы түрлі қызметте істеп, бірнеше қалада тұрды. Бірақ зейнетке шыққанда Алматыға қайтып оралды. Енді міне, таудың керемет бөктеріндегі көшеге әкемнің есімі берілгені бізді қатты қуантады. Мақтан тұтамыз», – деді К. Салықовтың қызы Майра Салықова.
Көшенің ашылу рәсіміне Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері мен ақынның жақын-туыстары, қызметтестері, қала халқы жиылды. Өзі туған өңірдің басшылары да арнайы келіп, құрмет білдірді, еске алып, рухына тағзым етті.
«Шынын айтқанда үлкен қызметте жүрмін деп тәкаппарланбаған кісі. Ақындық лебі, бойындағы өнері, талант-дарыны есіп, көрініп тұратын. Жарқын жүзді жайсаң кісі еді. Өзі домбыраны серік еткен. Мен 1983-1985 жылдары Мәскеуде оқып жүргенде Мәскеудің қазақтарын көрдім. Біз үйімізде домбыра ұстаймыз дейді. Бұған бізді үйреткен Кәкімбек Салықов деп айтатын еді», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Сондай-ақ Кәкімбек Салықовтың құрметіне ақынның өзі тұрған Уәлиханов көшесіндегі 137-үйдің қасбетіне ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты ашылу рәсіміне қоғам зиялылары мен қала әкімі Ерболат Досаев қатысты. Мәдениет қайраткерінің ғибратты ғұмыры көпке үлгі болды деген шаһар басшысы іс-шара мегаполистің рухани өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Халықтың адал перзенті, ірі мәдениет қайраткері, білікті басшы, айтулы біртуар азаматтың рухы асқақтап отыр. Осы күні атамыздың 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, шын жүректен ағамыздың әулетіне, барша туған туыстарына амандық, саулық, береке, бірлік тілеймін! Еліміз аман болсын! Құтты болсын!», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Кен инженерінен бастап, бірінші хатшыға дейін көтеріліп, арасында өлеңді ұмытпай, поэзияны қатар алып жүрді. Кейбір ақындардың өлеңдер жинағынан гөрі ол кісінің кітабы көбірек шығыпты. Екеуін де қатар алып жүрген. Поэзия мен қызметті егіз емген ақын қазақ тарихында сирек кездеседі. «Жезкиік» әні халықтың әніне айналып кетті. Осы Жезқазғанға жезкиік ескерткішін қойса, өте құба-құп болатын еді», – деді Қазақстанның Еңбек ері Дулат Исабеков.
Салтанатты шарадан соң өр тұлғаның құрметіне ас беріліп, рухына құран бағышталды. Кәкімбек Салықовты еске алып, оның шығармашылығы мен қызметіне ден қойылған республикалық конференция Ұлттық кітапханада жалғасты. Ал кешкісін Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрында концерт ұйымдастырылып, кітаптары мен суреттері қойылған көрме көптің назарына ұсынылды.
«Отанды, елді, туған жерді сүюге жастарды тәрбиелеу керек деп жатамыз ғой. Ол кісінің әні тұнып тұрған сағыныш. Сағыныш лирикасы, жалпы бұл кісі қазақ поэзиясының жезкиігі деген атақ алған. «Жезкиік» деген бір әнінің өзі кезінде ол кісіні бүкіл қазақ даласына таныстырған адам. Сондықтан, Кәкеңнің аты ешқашан өшпейді деп ойлаймын», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.
Айта кету керек, композиторлық қызметті де қатар алып жүрген қазақ ардақтысының құрметіне арналған концертте Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне жазылған музыкалық шығармалар орындалды. Соның ішінде «Қазақтың ірілері, Абайдың інілері» деген қара сөзі қалған «Үш арысы», халыққа кеңінен танылған «Жезкиік» әндері де шырқалып, көпті тағы бір мәрте марқайтты. Расымен де, жаһанды жезкиік жыр болып шарлаған Кәкеңнің өміршең өлеңдері ешқашан өлмек емес.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы