|
11.12.2023 | 18:35
4009

Ғасырлар сарыны: Алматы облысында жас ақындар мен жыршы-термешілер байқауы өтті

Бірінші орынды Қарасай ауданының оқушылары қанжығасына байлады

Ғасырлар сарыны: Алматы облысында жас ақындар мен жыршы-термешілер байқауы өтті Almaty.tv

«Ғасырлар сарыны». Алматы облысының Жамбыл ауданында дәл осындай атаумен жас ақындар мен жыршы-термешілер байқауы өтті. Бір айға созылған жарыста үздіктер анықталып, ақшалай жүлдемен марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысы Жамбыл ауданы атынан қатысқан Ақнұр Зейнолланың айтыс өнеріне қызығушылығы 3-сыныптан-ақ басталған. Бүгінге дейін балалар арасында өткен облыстық, республикалық байқаулардан қанжығасы жүлдеден кенде емес. Бұл жолғы жарыста да көптің арасынан оза шауып, үздік атанды.

– Негізі ата-анам, ата-бабам ақын емес. Ақындардың өлеңіне қатты қызығатынмын, – дейді байқауға қатысушы Ақнұр Зейнолла.

– Айтысқа қатысу арқылы ақындықты шыңдап, суырып салу өнері, айтыстың түрлерінде төселіп келемін. Айтыс маған жаңа леп берді. Бұған дейін өлең жазып жүргем,  тағы бір қырымды Қарасай ауданындағы жыр мектебі ашты десем болады,  – деді байқауға қатысушы Мәншүк Қанатбаева.

Байқауға қатысушылардың бәрі де – талабы таудай талантты мектеп оқушылары. Жас та болса, екі ауыз сөзден ұйқас құрап, суырып салма өнердің хас шебері атанған. Оларды жыр мен термеге, айтысқа баулитын арнайы мектеп бар. Үйірмелер бүгінде Алматы облысының 9 ауданы мен Қонаев қаласында жұмыс істеп тұр. Бір жыл бұрын оқытуды бастаған екен. Орталық қатысушылары облыстық жарыста өнерін көрсетіп, нәтижесін бөлісті.  

– Ауыз-әдебиеті, салт-дәстүр, дүниетанымымыздың бәрі жадымызда сақталған соң, балалардың бойында дарыған. Балалар жырды тез сіңіреді, мақал-мәтелге жүйрік. Бала үшін төккен тер, уақыт, бөлген қаржы міндетті түрде 5-10 жылда жемісін береді, – деді Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы филиалының төрағасы Айбек Ережепов.

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орын Жамбыл мен Райымбек аудандарынан келген оқушыларға, ал екінші орын Еңбекшіқазақ ауданы командасына бұйырды. Ал бірінші орынды Қарасай ауданының оқушылары қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға Алматы облысының мәдениет басқармасы атынан ақшалай жүлде табысталды.

Ұлағат Арғын, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ашық аспан астында өнер көрмесі пайда болды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир