Көрменің басты мақсаты – әйел сұлулығын көрсету
Бүгін Алматы музейінде халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Көктем-көңіл» атты көрменің ашылуы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Заманауи өнердің түрлі стилі мен бағыты тоғысқан бұл көрменің басты мақсаты – әйел сұлулығын көрсету. Онда суретшілердің картиналары, зергерлік бұйымдары, қыз-келіншектерге арналаған заманауи бас киімдері және жібек пен киізден тігілген шапандары қойылған. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық комиссиясы, Қазақ-өнер ұлттық қауымдастығы және «Таң шолпан» халықаралық тәуелсіз суретшілер қоры ұйымдастырып отыр.
«Көрмеге еліміздің белгілі қолөнершілерінің, отандық қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды. Көрме 2 аптаға созылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын көңілге көктем сыйлайтын көрмені тамашалауға шақырамыз! Музей күнделікті сағат 10:00-ден кешкі сағат 19:00 аралығында жұмыс жасайды», – деді қалалық музейлер бірлестігінің директоры Ляззат Сағындықова.