Алғаш рет өтіп жатқан қысқы фестивальді жыл сайынғы дәстүрге айналдыру көзделіп отыр
Биыл Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының 85 жылдығына орай бірінші қысқы «PHILHARMONIC NEW YEAR FEST» фестивалінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлемдік классикалық музыканың һәм ұлы қазақ өнерінің рухани қара шаңырағына айналған Жамбыл атындағы филармонияның мерейтойын атап өту еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Марапаттау рәсімінен кейін, ашылу кеші Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің концертік бағдарламасымен жалғасты. Жаңа жыл қарсаңындағы мерейтойлық фестиваль көрермендерге ұмытылмас ғажайып күй мен шаттық сезім сыйлады. 85 жыл ішінде осы ұжымда еңбек еткен ұлы есімдерді ұлықтап, музыка өнерінің озық үлгілерін насихаттау арқылы аталмыш фестивалді жыл сайынғы дәстүрге айналдыру көзделіп отыр.
«Биыл 85 жылдыққа арналған «Жаңа жыл» атты әр түрлі жанрға арналған фестивальдің бірінші күні өткізіліп жатыр. Биыл бірінші рет өтіп жатыр, жыл сайын өтеді деп үміттенеміз. Сондықтан осы фестивальге ұзақ, табысты ғұмыр тілеймін», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.
Сондай-ақ Алматыға жасаған жұмыс сапары аясында Мәдениет және спорт министрі Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет мұражайының 85 жылдық мерейтойына қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттарды табыстады. Салтанатты жиында Қазақстанның көркем сурет өнері тізбесінің 3-ші томының тұсауы кесілді. Одан бөлек, кірпіші қаланған кезден бергі мұражайдың тарихынан сыр шертетін фото көрме ұйымдастырылды.
«Қастеев музейі – ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын, нығайтатын мұражай десем қателеспеспін. Ұлттық қазақ өнері осында ерекше көрініс тапқан. Бүгін мұнда осы музей ашылғалы бері қызмет еткен тұлғалар бар, талай ғылыми қызметкер тәрбиелеп шыққан жандар жиналды. Бүгінгі мерейтой сол кісілерге арналады», - деді Қазақстанның өнер сыншылары гильдиясының төрағасы Иманбек Ефрат.