Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры V маусымының шымылдығын ашты

Almaty.tv
Almaty.tv
Шара барысында ақын Иран Ғайыптың «Ән-Мұхит» қойылымы сахналанды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының 5 маусымы кеше қала жұртшылығына шымылдығын ашып, Иран Ғайыптың «Ән-Мұхит» қойылымын сахналады. Алты алашқа әйгілі Мұхит Мерәліұлының 180 жылдық мерейтойына орай. Алматы әкімдігінің қолдауымен өткен премьера көпшіліктің көңілінен шығып, этнографиялық сипатта оң бағасын алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1 сағатта бірнеше ғасырды тоғыстырған театр, сахнадағы симфониялық сүйемелдеумен шарықтай түсті. Дыбыс пен динамика, оған қоса актерлердің шеберлігі, бәрі осы бір «Ән-мұхит» қойлымын қоюландыра түсті. Ал музыкалық драманы төрден тамашалаған автор Иран Ғайып, өз кезегінде ерекше ықыласын жеткізді.

«Сезіндім, сезіндім. Қазір пандемия кезі. Адамдар әрқашан жұмыс басты боп жүреді. Оймен ойланып, санамен сезінетін нәрсе», – дейді ақын, драматург Иран Ғайып.

Салтымызды суреттеген сазды-әуенге, дәстүрлі домбырының қоңыр дыбысына ұйыған жұртшылық, драманы бастан аяқ сілтідей тынып тыңдады. Ал осындай күрделі шығарманы шарықтау шегіне жеткізуді театр басшысы да мақсат тұтқан екен.

«Маусымның ашылуын Мұхит Мерәліұлынан бастадық. Себебі ол батыс мектебінің өкілі ғана емес, күллі қазақтың тағдырын әндеріне сыйғыза алған тұлға. Қаншама қажырлы еңбектің керек екенін біле тұра, аз уақыт ішінде ақылдасып жасап шығардық», – дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының басшысы Ринат Зайытов.

Мәнерін музыкаға, әуенін әлімсақтан бері бағзы қазақтың бастан кешкенін күйінішімен көркемдеген туынды әр дәуірді суреттей білді. Мәселен Мұхиттың, қазақ музыка мәдениетiндегі кең тараған  «Айнамкөз», «Үлкен Айдай»,«Кiшi Айдай», «Зәуреш», «Таң көйлек» сынды әндері тұтас бір тарихты топтастырып берді.


«Дәстүрлі әннен бөлек тарихтың өтіп кеткенін көрдім. Сол кездердегі қазақтың жылауы, Мұхит сияқты адамға зар болуы, соның бәрін көрсеткен кезде менің денем тітіркенді», – деді әнші, композитор Ғазизхан Шекербек.

«Ақынымызды есімізге алып, тірідей көргендей болдық. Өте қуаныштымыз. Керемет спектакль болды», – деді көрермен Сейітхан Айтанұлы.

Маусымын музыкалық драмамен ашқан «Алатау» театры алда әлі талай қойылымдарды нақышын салып, көрерменге ұсынамыз деп отыр. Ал аталмыш «Ән-мұхит» қойылымы қала жұршылығын қатарынан екі күн бойы әнмен тербейді. 

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров