|
18.02.2021 | 20:18
10501

Аузымен сурет салатын Аяжан

24 жастағы Аяжанның елден ерекше дарыны талайды тамсандырып келеді

Аузымен сурет салатын Аяжан Almaty.tv

Жамбыл облысында аузымен сурет салатын қыз жұрттың таңданысын тудырды. 24 жастағы Аяжанның елден ерекше дарыны талайды тамсандырып келеді. Ол сәби кезінен сал ауруына шалдықса да өмірге ерекше құштар. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает толығырақ айтады.

Аяжан сәби шағынан сал ауруына шалдықса да, қиындыққа қаймықпай қылқалам шебері атанды. Дара жолы бар дарын иесі ауруымен алысып жүріп, ауызбен сурет салуды үйреніпті.  Ол 13 жасынан бастап бояуларға жан бітіріп, боямасыз туындыларды тудырған. Қолсыз сурет салуды үйренген қыздың бұл батылдығы – жан-жаққа жәутеңдемей мықты болуды меңгеру, дейді өзі.

«Сурет салу –  аса қатты төзімділікті талап етпейді. Мен төзімділік танытып салмаймын, ізгі қызығушылықпен сурет саламын. Қиналмай, бар көңілім осы суретпен болады, көңілім көтеріледі, шынайы өмірден алыстаймын», – деді суретші қыз Аяжан Жуатай.

Аяжанның анасы оны бала кезінен болмысы бөлек болғанын айтады.  Қатарластарынан ақылымен асып, дарынымен дараланып тұрған. Ерекше жан сурет пен қатар кесте тігу өнерін де қатар алып жүр. Оқушы кезінен оқуда озат, ортасының алды болған Аяжанның армандары да аласа болмапты.

«Қызым кішкентайынан әртүрлі армандарды айтады. Радиода диктор болып отыруды армандайтын. Арманы көп болатын. Болашақта шетелге, Чехословакия, Индияға кетіп қаламын деп айтатын. Ең бастысы қызымның денсаулығы жақсы болса, барлық арман-мақсаттарының орындалатынына сенімдімін», – деді Аяжанның анасы Айман Оразбекова.

Аяжан Қаратау қаласындағы «Үміт» қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп интернатында білім алған. Ұстазының айтуынша, өнерге құштар жанның ерік-жігері де мықты. Аяжанның бала кезінде салған туындылары әлі күнге дейін мектеп қабырғаларында ілулі тұр.

«Үлгерімі өте тамаша, керемет етін. Аузына қаламсапты салып, сурет салғанда таңғаласыз. Тіпті, пернетақтадан әріптерді теретін», – деді сынып жетекші Майя Тұрсынбекқызы.

Адам өмірі алға ұмтылу мен  тоқтаусыз талпынудан тұрады. «Тағдырымызда кездесетін кедергінің  өзінен күш алуға  болатынын ұмытпағанымыз  жөн», – дейді кейіпкер.

Мерей Бает Шыңғысхан Кеңесхан «Алматы» арнасы, Тараздан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир