Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасы Аустралия төрінде сахналанбақ

18.07.2022 23:42

Дулат Исабековтің шығармалары ағылшын, неміс, чех және швед тіліне аударылған

Almaty.tv

Белгілі драматург Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасы Аустралия төрінде сахналанбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл жазушының 80 жылдық мерейтойын ауқымды түрде атап өту жоспарланып отыр. Соның аясында «Бөрте» қойылымы 4 қазанда Мельбурн қаласында өтетін VI халықаралық фестивальде Еуропа көрерменіне жол тартады. Шыңғысханның жары Бөрте туралы жазылған бұл қойылым Аустралия жұртшылығын қызықтырған көрінеді. Дулат Исабековтің шығармалары ағылшын, неміс, чех және швед тіліне аударылған.

«Еуразиялық шығармашылық гильдия қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетін насихаттап жүр. Енді осылар арқылы менің «Бөрте» деген пьесам Австралияға барған. Бұрын Шыңғыс ханды білуші едік. Бөртені білмеуші едік. Бөрте – Еуропа үшін, әлем үшін жаңа образ деген», – деді драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков

Драматургтің «Бөрте» пьесасына аустралиялық театр режиссері Уоррен Уиллс пен британдық баспа үйлері қатты қызыққан. Еуразиялық шығармашылық гильдия мүшелері қойылымды Еуропада сахналау Қазақстанның мәдениеті мен тарихын ілгерілетуге арналған қадам деп баға беріп отыр.

«Премьера Еуразия мәдениеті апталығына орай өткізіледі. Онда арнайы «қазақ мәдениеті» атты блог бар. Ең алдымен Дулат Исабековтың «Бөрте» пьесасын қоятын боламыз. Қойылымда арнайы музыкалық әрлеу болады», – деді Еуразиялық шығармашылық гильдиясы төрағасының орынбасары Марат Ахмеджанов.