Олардың айлық ақысы 1 млн теңге
Алдағы 10 жылда азаматтар кеңсе кезіп, сабылып жұмысқа асығып жүрмейді. Қызметкерлердің 70 пайызға жуығы қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуы мүмкін. Мұндай болжамдарды Еңбек ресурстарын дамыту орталығы хабарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онлайн жұмыстың оңтайлылығын көріп отырған тұрғынның бірі – елордалық Алмагүл Маусымбаева. Оның қашықтан менеджер болып жұмыс істеп жатқанына 1 жылдан асты. Банк клиенттеріне хабарласып, қаржы ұйымының акциялары мен өнімдері туралы кеңес береді. Күніне 100-ге жуық қоңырауға жауап беріп қызмет көрсетіп отыр. Айына 150 мың теңге таба алады екен.
«Онлайн жұмыс маған өте ұнайды. Өйткені үйде өзі ыңғайлы жерде отырып, далаға шықпайсың, қоңырау шалып клиенттермен дәлелдеп жұмысты айтып бересің. Менің жасыма ыңғайлы жұмыс», – деді қала тұрғыны Алмагүл Маусымбаева.
Алмагүлдің айтуынша, онлайн жұмыс әлдеқайда тиімді. 55 жастағы елордалық тұрғын денсаулығына байланысты әдеттегі жұмысқа бара алмайды. Сондықтан қашықтан қызмет етуді меңгерген. Жалпы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамында алдағы 8 жылда қызметкерлердің 70 пайызы жұмыстың осы форматына көшпек.
«Жалпы бүгінгі таңда Қазақстан бойынша ең жоғары сұранысқа ие – ІТ мамандығы. Бұл – жалпы ғаламдық тренд. Онымен қоса техникалық мамандықтар. Әсіресі, жоғары біліктілігі бар инженерлер өте көп сұранысқа ие болып жатыр. Олардың жалақылары да жоғары бағаланады», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия департаменті директорының орынбасары Ұлпан Шегенова
Маман болжамы бойынша, қазіргілердің сандық сауаттылығы жоғары. Бұл өз кезегінде қай сала болмасын істі дөңгелетіп әкетуге септігін тигізеді. Сондықтан алдағы 5-10 жылда азаматтар икемді жұмыс графигіне бой үйретпек. Бұл пікірді сарапшы Жәнібек Айғазин де қолдап отыр. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай жалдамалы жұмыскер саны еселеп қысқарады.
«Әлемдік тренд. Бұл ретте фрилансерлердің үлесі артатын болады. Адам жарты күн бойы келісімшарт бойынша жұмыс істей алады, әрине, ол жалдамалы жұмысшы ретінде. Кейін өзінің сүйікті ісіне, қалаған шаруасына уақыт табады. Біз бұл үрдіске ақырын-ақырын келе жатырмыз. Пандемия кезінде онлайн жұмыс істеп қолайлы тұсын көріп қалдық», – деді экономист Жәнібек Айғазин.
Электронды еңбек брижасындағы ресми статистикаға сүйенсек, жұмыс берушілер көп қажет ететін мамандар риэлтор, бас құрылысшы мен инженер екен. Үйден шықпай-ақ табатын бұлардың айлық ақысы 1 млн теңге.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы