Биыл ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Мерейтой қарсаңында «Ұлт ұстазы» кітабының тұсаукесері өтіп, туынды көпшілікке жол тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жинақта Ахаңның өмірі мен шығармашылығынан бөлек, ақындық-сыншылдығы мен өзіне әсер еткен тұлғалар жайы қозғалады. Сондай-ақ екі тараудан тұратын кітапқа Байтұрсынұлы туралы шетелдік ғалымдардың ой-пікірі мен ахметтанушылардың еңбегі де топтастырылып отыр.
«2004 жылы «Ахмет өскен ақындық орта» деген кітабым жарық көрген. Кітап деген бір күнде жазылатын дүние емес қой. Сол кезден бастап материалдар жаздым. Соларға дейін мен 56 мақала жариялаған екенмін. Соларды іріктеп, бәрін қайтадан бір кітапқа қостым», - деді «Ұлт ұстазы» кітабының авторы Серікбай Оспанұлы.
Аталған кітаптың жарыққа шығуына Алматы қаласы әкімдігі мен «Түркі мәдениеті» халықаралық ұйымы тікелей қолдау білдіріп отыр.
Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы Анкара мен Стамбул төріндегі ғылыми-мәдени конференциядан басталған еді. «Ұлт ұстазы» кітабының жарыққа шығуы да осы айтулы датада жүзеге асқан басты жоспарлардың бірі болып отыр.
«Ахаңды түркі дүниесі біледі. Түркі дүниесі зерттеп жүр. Бірақ менің ойымша, біз әлі тереңнен, дұрыстап түсіндіре алмадық. Сондықтан әлі де атқарар жұмыс көп», - деді Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.
«Серікбай Оспанов ел аралап жүріп, тірнектеп материал іздеп, ұрпақ үшін өте құнды кітап жазып қалдырған», - деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.