Алматыда республикалық «Алтын сақа» байқауы өтті

22.09.2022 23:52

152 автордан 180-ге тарта шығарма қабылданған

Almaty.tv

Бүгін Жазушылар Одағының төрінде республикалық байқаудың жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Балалар әдебиетіне бойлаған қатысушылар ертегі және шағын әңгіме бағытында сынға түскен еді. Жалпы 152 автордан 180-ге тарта шығарма қабылданыпты. Оның 41-і ертегі жанрында.

«Негізінен бірінші рет жазып тұрған әңгімем. Жарысқа да бірінші рет қатысып тұрмын. Жеңімпаз болғаным, Республикалық дәрежеде байқауға қатысып, жеңімпаз атанғаныма қуанып тұрмын», – деді «Алтын сақа» республикалық байқауының жүлдегері Дәметкен Сағынбаева.

Республикалық «Алтын сақа» байқауы биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Іс-шара бір күнде дүниеге келген қазақтың үш классик жазушысы - Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның құрметіне орайластырылған.

«Бұл байқауға 18-35 жас аралығындағы жастар қатысты. Байқау өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеуге, парасаттылыққа, сананың ашықтығына және ұлттық бірегейлікті сақтауға көмегін тигізеді», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының жоба менеджері Русланбеген Тұрсынбетұлы.