«Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында актер, режиссер, Қазақстанның Халық артисі Серке Қожамқұловтың 125 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кешке белгілі кино және театр майталмандары Тұңғышбай Жаманқұлов, Бекжан Тұрыс, Ерлан Біләл, Рахман Омар қатысты. Қазақ театр және кино өнерінің актерлік мектебінің негізін салушылардың бірі өзінің актерлік ұзақ өмірінде театр мен кинода ондаған рөлдерді сомдап, қайталанбас шеберлігімен жұртшылық ықыласына бөлене білді. Кешке келушілер оның мұрасы бір әулеттің мұрасы ғана емес, бар қазақ халқының мұрасы екенін жеткізді.
«Серке Қожамқұлов Кеңес үкіметі кезінде қазақтың қандай екенін тани алмай жатқанда, кино, театр әлеміне өте әмбебап образ әкелді. Ол ханды да, құлды да ойнай алатын, қазақи бояуды экраннан да, сахнадан да жеткізетін», – дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, ақын Ринат Заитов.
Серке Қожамқұловтың саналы ғұмырынан сыр шертетін өнер кешінде жарқын бейне иесінің көзін көрген шәкірттері мен ізін басқан сахна майталмандары бой көрсетті.
«Бүгін қалың жұртшылыққа, алматылықтарға ерекше күн болып отыр. Ол өздері сүйетін, бейнесін жадында сақтаған көзқарақты көрермен үшін бұл үлкен жаңалықпен келген дүние болды. Серке Қожамқұловтың 125 жылдығының қарсаңында танымдық кеш өткізуді қолға алдық. Ертеңгі күні көгілдір экраннан барша жұртшылықтың назарына ұсынылатын дүние», – дейді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.