Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай отандық киноның қатары тағы бір тың туындымен толықпақ, деп хабарлайды Almaty.tv
Егемендіктің қалыптасу жолындағы ел өмірін көрсететін сериал 12 бөлім болып шығады. Қазір түсірілім жұмыстары басталып кеткен. Басты кейіпкер – тоқырау жылдарында ұстаздықты кәсіп етіп, ғылыммен айналысуға бет бұрған жас маман. Экранға шығар туындыда ол тірлік тауқыметі мен асқақ арманын таразыға салады.
«Түсірілім тобында өте талантты жігіттер жұмыс істейді. Біздің оператор да осал жігіт емес. Толықметражды көркем фильм түсіріп жатқан секілдіміз. Қазір дайындықтар жүріп жатыр. Кастинг те негізі қателеспеген. Мықты актерлер ойнап жатыр. Сондықтан телехикаямыз өте жақсы шығады деп ойлаймын», – деді актер Елдос Шәкенов.
Сериалдың әр бөлімі 25 минуттан тұрады. Туынды драма әрі романтикалық комедия жанрында болмақ. Бүгінгі Қазақстанның өткенін суреттейтін туындыда көрермендер азаматтардың «меншік мәдениетін» қалай қалыптастырғанын да көре алады.
«Туынды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады. Ол кездегі қиыншылықтардың бірі жұмыссыздық болды, соның кесірінен адамдар қылмысқа барды. Мұны түсірер алдында сол жылдарды көп зерттедік. Актерларға сол кезеңде адамдар қалай сөйледі, өзін қалай ұстады, биі қалай болды, барлығын видеолардан көрсетіп, үйретіп жатырмыз», – деді қоюшы режиссер Төребек Бейсебаев.