Халықаралық әйелдер күніне орай Алматыда мерекелік концерт өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Аталмыш бағдарламаны Алматының мәдениет басқармасы ұйымдастырып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық әйелдер күніне орай бүгін Республика сарайында мерекелік концерт өтті. Қалалық әкімдік ұйымдастырған кеште әр салада табысты еңбек етіп, құрметке бөленген қыз-келіншектер қонақ болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шуақты көктемнің шырайлы мерекесі – Халықаралық әйелдер күніне орай Республика сарайының төрінде мерекелік концерт өтті. Қаланың құрметті тұрғындары мен еңбек ардагерлері, түрлі саланың бетке ұстар қыз-келіншектері қонақ болған кеште әсем ән шырқалып, көпшілікке көңіл күй сыйлады. Айта кету керек, аталмыш бағдарламаны Алматының мәдениет басқармасы ұйымдастырып отыр.

«Неше жылдан бері бір-бірімізді көре алмай зарығып кеттік. Аман-есен осылай еліммен жүздескеніме сондай қуаныштымын. Құдайға, халқыма ризашылығымды білдіремін. Бұл мерекенің орны бөлек. Өйткені ана деген сөз ана қандай қымбат болса бүгінгі мереке сондай қымбат», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.

Концерттік бағдарламаның шымылдығы әйелдер қауымына арнайы дайындалған музыкалық нөмірмен басталды. Зарина Алтынбаева, Нұрболат Абдуллин, Алишер Каримов пен «Жігіттер» квартеті және басқа да елге танымал әншілер өнер көрсеткен кештің көпшілікке ерекше әсер қалдырғаны да айқын.

«Мереке құтты болсын. Тәуелсіздігіміз күн сөнгенше сөнбесін. Осы халқыма сіңген еңбегімді ел басшылары бағалады, 25 медалім бар. Рахмет! Мереке мерекеге ұлассын», - деді қоғам қайраткері Дәрия Сарқытбаева.

Алда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні жақындап келеді. Ал қала тұрғындары мен қонақтары бұл айрықша мерекені тойлауды бастап кетті. Бұған бүгінгі әсем, әдемі кеш дәлел. Айта кету керек, концерт Роза Рымбаеваның орындауындағы «Көктем шақырады» әнімен аяқталды.   

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров