Сапарды ұйымдастыруға Алатау ауданы әкімдігі мұрындық болған
«Ұлттық құндылық – ел қазынасы». Халық даналығын арқау еткен алматылық қариялар шет мемлекетте қазақи болмысты дәріптеді. АҚШ-қа арнайы аттанған Алатау ауданының ардагерлері 7 штатта концерт берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық киім киіп, қолдарына домбыра ұстап, халық әндерін шырқаған ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар өзге ел азаматтарын осылай салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге тәнті етті. Аға буын өкілдері Американың түрлі қоғамдық орындарын, саябақтары мен метросын аралап, би билеп, шетелдіктерді ұлттық ою өрнекпен таныстырды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – елімізді әлемге паш етіп, қазақ халқының текті, рухты екенін көрсету.
Айта кетейік, АҚШ-тағы арнайы концертке 23 белсенді қария қатысты. Ардагерлер кеңесінің мүшелері саяхат алдын ала жоспарланғанын және оған аудандық байқауда үздік өнер көрсеткен ата-әжелер барғанын айтты. Сапарды ұйымдастыруға Алатау ауданы әкімдігі мұрындық болған. Қариялар игі бастаманы дәстүрге айналдыруды, келер жылы басқа мемлекетте өнер көрсетуді көздеп отыр.
– Таймскверге бардық, сол жерде концерт қойдық. «Бостандық» мүсінінің алдына 3-4 түрлі ұлттық киімді ауыстырып тұрдық. «Үлкен кісілерді алып бара жатырсыңдар, қалай болады, шыдамайды ғой» деді. Бірақ Алла көмектесті, шыдады. Тағы да, мінеки, барамыз деп тұр, – деді Алатау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағатолла Таубалды.