Бүгін – қазақ кинорежиссурасының атасы Шәкен Аймановтың туған күні

Almaty.tv
Almaty.tv
Әйгілі режиссерді өзі негізін қалаған «Қазақфильмде» еске алып, ескерткішіне гүл қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін – қазақ режиссурасының биігінде тұрған тұлға Шәкен Аймановтың туған күні. Уақыт өтсе де, қызығы кетпеген фильмдері оның отандық өнерге қосқан мол үлесі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

«Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» мен «Алдар көсе». Мұның бәрі бір ғана Аймановтың «Алтын қорға» енгізген айшықты туындылары, оның режиссерлік еңбегін ғана. Мамандығынан бөлек, адамдығы бір төбе азаматтың туған күнінде бүгін өзі негізін қалаған «Қазақфильмде» ескерткішіне гүл қойылды, еске алды. «14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған әрі театр қабырғасында жүзден астам образды сахналаған режиссердің мысы әлі де басып тұратындай» дейді көзін көргендер. 

«Бүкіл қазақ жерінде дәл ол сияқты патриот болмағанына сенімдімін. Өзінің жері мен мемлекетіне, халқына деген сүйіспеншілігін әр фильмі арқылы көрсетіп, дәлелдей білді. Тіпті актер таңдағанда да аса маңызды рөлдердің өзін ел ішінен іздейтін», - деп еске алады Ш. Аймановтың келіні Ирина Айманова.

Шәкен Кенжетайұлы би билеп, шахмат ойнағанды ерекше жақсы көріпті. Халық өнерімен сусындаған дала баласы кей фильмінің эпизодында өзі де рөл сомдаған. Сомдап қана қоймады, домбырада ән шырқады. Ал адамдығы дегенде азаматтың турашылдығы мен тапқырлығы, әзіл-қалжыңға икемділігі ойға оралады.

«Баянауылдан бұл кісі Семейге барып оқыған. Содан өнер іздеп, Алматыға келген ғой. Сонда түнде пойызда Шәкен ағаның да аяқ киімін ұрлап кетіпті. Өзі сонда өкінбеген екен. «Өзі де бір аузы ашылып, нан сұрап тұр еді» деп айтады дейді. Жалаңаяқ келген жас бала біртіндеп қазақ өнерінің, қазақ кино өнерінің ең ұлы тұлғасына айналды», - дейді «Қазақфильм» киностудиясының редакторы, өнертанушы Ерлан Төлеутай.

Режиссердің «Қазақфильм» киностудиясын Голливудтағыдай алып аумаққа айналдыратын арманы болыпты. Әр актердің тұрмыс жағдайына да мән берген Айманов расында түрлі жанрға тамыр жая бастаған қазақ киносының драматургиясы мен режиссурасына жаңа толқын әкелген еді.

Шығармашыл топтың «Шәкесі» отандық фильмнің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Бұл – шындық. Ал оның әр әртіске әкедей қамқор, бауырдай адал, басшыдай қатал мінезі шәкірттерінің, замандастарының санасында әлі де жаңғырып тұр.

Шығармашылықтан бөлек, саясаттан да құралақан болмаған Шәкен тұлғасы қазіргі кино әлемінде биік һәм бөлек жұлдыз. Ол уақыт пен жағдайға бағынбайды. Сондықтан болар, жарқырай береді, жана береді.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров