Бүгін – КСРО әскерінің Ауған соғысынан елге оралған күні. Тарихи деректерге сүйенсек, сол соғысқа жалпы саны 22 мың қазақстандық аттанды. Алайда майдан даласынан барлығы түгел оралмады. 2011 жылғы мәлімет бойынша, сол соғыста 761 қазақстандық қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1989 жылдың 15 ақпанында КСРО әскері елге оралғанда генерал-лейтенант Борис Громов өзінің шекараға соңғы кіргенін және артында ешкім қалмағанын мәлімдеген. Алайда кейін із-түзсіз жоғалып кеткендердің немесе Ауғанстанда қалып қойғандардың бар екені анықталды. Мәселен, ардагер Мұрат Әбдішүкіровтың айтуынша, соғыста жоғалып кеткен 21 қазақстандықтың 19-ы әлі табылмаған.
«Ауғанстаннан 2 жерлесіміздің сүйегі табылып, оларды туған жеріне әкеліп, қайта жерлеу рәсімін өткіздік. Бірі Түркістан облысының, ал екіншісі Көкшетау өңірінің тумасы. Ал қалғандары қай елдімекеннен екені белгісіз, бір анығы, олар – Қазақстаннан. Сондықтан оларды іздеу жұмысы әлі де жалғасып жатыр», - деді Ауған соғысының ардагері Мұрат Әбдішүкіров.
Бізге сұхбат берген ардагер жауынгерлік міндетті ақтық демі қалғанша арқалап өтетінін айтты. Расында, ауған соғысын көргендер ел басына күн туған шақта қарап қалмаған еді. Қаңтар дүрбелеңінде іштей штаб құрып, ауруханаларды күзетті.
«Біз барған кезде ғимаратта істеп жүрген келіншектер бізге алғысын айтты. Бізде де қару жоқ. Соғыс көргеннен кейін өз жоспарымызды құрып, біраз азаматқа ақ халат кигізіп қойдық. Қабылдап жатқанда ешкімге зиян тимесін деп, қарумен кірсе қолын қайырып, тартып алып қалуға жоспар жасадық. 5 күн ауруханаларды кұзетіп, қолдан келген көмекті көрсеттік», - деп еске алады Ауған соғысының ардагері Әуез Бейсембаев.
Ауған соғысы ардагерлерінің сөзінше, 15 ақпан – олар үшін ең ерекше күн. Сондықтан бүгін майдан даласын жүріп өткендер бас қосып, жас сарбаздармен өз естеліктерін бөлісті. Олардың айтуынша, мұндай іс-шара жылда ұйымдастырылады екен.
Осыдан тура 33 жыл бұрын КСРО әскері Ауған соғысынан қайтып, елге оралды. 10 жылға созылған ұрыс даласында біздің қазақ жауынгерлері де жан аямай күресті. Бүгінде олардың ерлігі, елдігі мен патриоттық сезімі ұрпақ жадында мәңгі қалғандай. Бүгін еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан жандардың рухына тағзым етті.
Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы