Ақтөбеде әжелерден құралған әйгілі ансамбльдің сазына еліткен көпшілік өнерпаздардың құшағын гүлге толтырып, қолдау көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ән, әзіл, ырғақты әуен мен езуі жиылмаған ел. Ақтөбенің төріндегі Наурыз осылай өтіп жатыр. Бұл залда 40 жылдық еңбектің көрінісі бар. Музыка пәнінен дәріс беріп, бейнетінің зейнетін көрген шағында үйде отырмай, хор құрған Дәмелі Жанасаева – соның дәлелі.
– Өнерді сүйген әжелер үшін Мәдениет үйі – екінші үй. Келмесек, сағынамыз. Келіп, әңгіме айтып, қауқылдасып,ән орындап, уақытты көңілді өткіземіз, – деді «Зере» ұлттық ансамблінің солисі Дәмелі Жанасаева.
Құрайлы ауылының әжелері қазір жергілікті жұрттың көзайымына айналған. Жылдар бойы жырын жұртқа арнап келген ақжаулықтылар ұлттық өнерді дәріптеуде алда келеді. Қазір хорда 9 әже бар. Ең жасы – 67-де. Ал 76 жастағы әже – өнерпаздардың үлкені. Олардың бәрін біріктіретін бір дүние – халықтық музыкаға деген махаббат.
– Жеті жылдың ішінде «Халық» атағын алды. Ол кісілер тек облыс пен республика емес, халықаралық байқауларға қатыстыруды талап етіп отырады, – деді «Құрайлы» мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Лиза Бақыт.
Наурызды елден ерекше күтіп, бар еңбегін дайындап келгендердің қатарында Болат Атыраубаев та бар. Металл балқытып, әшекейін әзірлеген ол еңбек жолын күміс бұйымдарды жасаудан бастаған. Зергер атадан қалған өнерді даналық пен рухтың үлгісіндей болған асыл тастармен көмкеретін көрінеді. Бүгін көпке ұсынған әшекейлер – сондай ерен еңбектің нәтижесі.
– Табиғи тастарды, маржан, інжу, ақық тастарды көбіне пайдаланған. Өйткені күміс пен табиғи тастар бір-бірін байланыстырып отырған. Негізі қазақта мақал бар «тисе, тасқа тисін» деген. Тіл-көзден сақтасын деп ырымдайды. Тастарды тазалық, береке әкелсін деп пайдаланған, – деді зергер Болат Атыраубаев.
«Күмістің кереметі көп» деген зергер металдың әсіресе адам ағзасына пайдалы екенін ескеруді сұрайды. Ал қазақ танымында ол – тазалық пен адалдықтың белгісі. Сондықтан болар, ұрпақтан ұрпаққа берілген құнды мұра қатарында күміс әшекейлер мен тұрмыстық заттар болған. Бүгінгі көрмеде соның біразы көпшіліктің назарына ұсынылған. Ел аумағы ғана емес, алыс-жақын шет мемлекетте де зергерлікті дәріптеп жүрген шебер ұлы күнде ұлттық өнердің дәріптелгеніне дән риза.
Мадина Оқас, Лейла Әуесова, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбеден
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Алматы – еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы