Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында18 маусымда ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов болды. Ол «Сәлем, Елорда!» II Республикалық өнер шеруі туралы айтты.
Мәдени шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен басқа да маңызды мерейтойлық күндерге арналды, деп хабарлайды Almaty.tv
Алматыда шеру 22-24 маусым аралығында өтеді.
«Өнер шеруі әр өңірдің мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттауға мүмкіндік береді, сондай-ақ еліміздің үздік орындаушыларына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар жоба "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында мәдени құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған», – деді вице-министр.
Н. Дәуешовтің айтуынша, биыл «Сәлем, Елорда!» шеруі республикамыздың төрт өңірінде – оңтүстікте, солтүстікте, батыс пен шығыста өтеді. Жоба осы жылдың соңына қарай Нұр-сұлтан қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған гала-концертпен аяқталады.
«22-24 маусым аралығында “Сәлем, Елорда!" шеруі Алматы облысы мен Алматы қаласында өтеді. Іс-шара 22 маусымда Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ақын Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталады. Баршаңызды өнер шеруінің үш күндік іс - шараларына қатысуға және бізбен бірге болуға шақырамын», – деді Н. Дәуешов.
Онлайн-брифингке жобаның басқа да ұйымдастырушылары қатысты. Олардың арасында «Қазақконцерт» директоры Жеңіс Сейдуллаұлы да бар.
Оның айтуынша, жобаның басқа арт-оқиғалардан айырмашылығы әр өңірдің әртістеріне ерекше көңіл бөлінеді. «Сәлем, Елорда!» концерттік бағдарламасында қойылымдар ғана емес, сондай-ақ облыстық филармония мен мәдени ұйым қызметкерлері үшін шеберлік сыныптары өтеді.