Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Мұрат Әуезов 80 жасқа толды. Бүгін Алматыда мерейтойына орай Ұлттық кітапханада келелі кездесу өтті. Белгілі ғалым, қоғам қайраткерін құттықтауға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесуде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовке «Абай облысының құрметті азаматы» атағы берілді. «Асқар таудай әке тағылымынан нәр алған, ұлтқа деген сүйіспеншілікпен өскен азамат» деп атап өткен қазақ зиялылары Мұрат Әуезов барлық қошеметке әбден лайық екенін атап өтті.
«Мұрат Әуезов те 80 жасқа келді. Сұхбатын оқып отырып, керемет айтқан сөзін көзім шалып қалды. Ол «жас болсақ та, саналы қазақ болдық» депті. Шынында да, біз ерте есейдік. Жеңді түріп тастап, жұмысқа белсене араластық, бірге дамыдық. Еліміздің мәдениеті мен ғылым саласын көркейтуге барынша атсалыстық. Қазақ халқы білімді болса деген мақсат болды», – деді Қазақстанның Халық жазушысы Олжас Сүлейменов
Мұрат Әуезов – мәдениеттанушы-ғалым, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. Ол халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи құндылықтарын зерттеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. Сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасының да басы-қасында жүрді. Тамырында ұлтшыл мінезі тулаған ғалымның көптеген еңбегі бар.
«Мүкеңменен бірге көп жыл жұмыс істедік. Әсіресе, бір қиын уақыт болды. «Біз үндемей отыра алмаймыз» деген жауапкершілігі мол, бірақ өте қиындыққа қарама-қайшы жағдайда жұмыс бастадық. Мүкеңмен бірге болдық. Бір туды ұстадық», – деді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.