Ұлттық өнерді дәріптейтін «Дала сазы» бағдарламасы эфирге шықты

Ұлттық өнерді дәріптейтін «Дала сазы» бағдарламасы эфирге шықты
«Дала сазы» бағдарламасы 15 тақырыптан тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» телеарнасының эфирінен ұлттық музыка өнерін дәріптейтін «Дала сазы» бағдарламасы көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бағдарламаның мақсаты да атадан балаға мұра болып келе жатқан, қасиетті қара даламызды ғасырлар бойы тербеп тұрған төл өнеріміз – дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу, атамұра өнердің қасиетін сезіну.

«Дала сазының» алғашқы саны қазақ дәстүрлі музыкасындағы әзіл-қалжыңға құрылған ән-күйлерге арналды. Бағдарлама қонақтары ұлттық өнердің өкілдері – ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші Амангелді Күзеубай, күйші Ержан Жәмеңкеев, ҚР Мәдениет қайраткері, сыбызғышы Талғат Мұқышев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Армат Исламғалиев. Олар әннен шашу шашып, күмбірлете күй төкті. Бағдарлама шымылдығын Рамазан Стамғазиев Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық» әнімен ашты. Бағдарлама қонақтары ән-күйді нақышына келтіре орындап қана қоймай, музыканың шығу тарихын, композиторын, алғашқы орындаушысын, халықтың берген бағасын айтады. Яғни, бағдарламаның рухани танымдық бағыты да жоқ емес. Көрермен әсем әнмен сусындап, сүбелі сұқбат көре алады.

Айта кету керек, «Дала сазы» бағдарламасы 15 тақырыптан тұрады.  Қазақ дәстүрлі музыкасындағы әзіл-қалжыңға құрылған ән-күйлер, қазақ дәстүрлі музыкасындағы махаббат, нәубет, зұлмат жылдар, қазақ ән өнеріндегі күрескер әнші-композиторлар, Абай әндері, айтыс өнері, сонымен қатар этно-фальклор ансамбльдерінің шығармашылығына арналады.

«Дала сазы» бағдарламасын әр сенбінің кешінде сағат 20.30-да тамашалаңыздар!

Новости партнеров