«Almaty BALA FEST» телевизиялық фестивалі – үздік ойын-сауық бағдарламасы деп танылды

29.06.2022 20:45

«Тұмар» телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары анықталды

Almaty.tv

"Тұмар-2022"  ұлттық телевизиялық сыйлығының иегерлері жарияланды. "Алматы" телеарнасындағы  "Almaty BALA FEST" телевизиялық фестивалі – үздік ойын-сауық бағдарламасы деп танылды, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Алматының талантты, дарынды жұлдыздары бас қосқан фестиваь 2021 жылы 29 мамырда көрерменге жол тартқан болатын. Бағдарлама алматылық дарынды балаларды анықтап, өнерін дамытуға үлкен үлес қосып келеді.  

Қызыл кілем. Танымал тележүргізушілер мен тілшілер. «Тұмар-2022» ұлттық телевизиялық сыйлығы пандемиядан кейін жоғары сән-салтанатпен өтті. Залда ине шаншар жер жоқ. Ақпарат министрі де бәсі биік байқауды биыл ерекше ұйымдастыруға тырысқандарын айтады. Сыйлық иесін анықтау әділ өтті дейді.

«Кім жеңімпаз болады өзім де білмеймін. Қазылар алқасы шешті. Біздің отандық БАҚ қарқынды дамып келеді. Ішкі ғана емес, сыртқы нарыққа  да шықты. Біздің сериалдарымыз қазір Ресейге, Сингапурға, Өзбекстанға сатылып жатыр», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров.

10 аталым бойынша үздіктердің есімі анықталды. Біздің телеарна бірден екі номинация бойынша жүлдеге үміткерлер қатарына енді. «Қызыл жебе» үздік телехикая аталымы бойынша жоғары бағаға ие болса, «Үздік ойын-сауық бағдарламасы» аталымында «Almaty Bala Fest» жобасы жүлде жеңіп алды. Бағдарлама  балалардың өнерін паш етіп, таланттарды танытуға бағытталған.

«Almaty Bala Fest» атты белгілі жобаға өткен жылы 300 мыңдай бала қатысты. Алматы қаласы бойынша 7 концерт өткіздік. Қала бойынша жоба арқылы дарынды бүлдіршіндерді таптық», – деді «Алматы» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.

Биыл сыйлық алуға 300-ге жуық өтінім келіп түскен. Қазылардың айтуынша, ең көп өтінім «Үздік деректі фильм», «Үздік ақпараттық бағдарлама», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік тележурналист», «Үздік тележүргізуші» номинациялары бойынша қабылданған. Жеңімпаздарға мүсін мен 1 миллион теңге сыйлық табысталды. Айта кетейік, «Тұмар» жүлдесін марапаттауда «Балалар жылына» ерекше мән берілді. Кешті балалар жүргізіп, жеңімпаздар сахнаға балаларымен шықты.

Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы


2020 жылы "Үздік өңірлік телеарна" аталымында "Алматы" телеарнасы үздік деп танылғанын еске салайық.

"Тұмар" - 2017 жылы ҚР АҚДМ бастамасымен телевизиялық шеберлік саласындағы жоғары жетістіктері үшін Ұлттық телевизиялық сыйлық. Сыйлық жеңімпаздары "Тұмар" мүсіні  мен қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін 1 млн теңге алады.

Теги: almaty bala fest