|
20.09.2020 | 21:34
4747

Қала күніне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастырған концерті онлайн өтті

Биыл мәдениет басқармасының қолдауымен қала күніне орай алпыстан аса іс-шара ұйымдастырылды

Қала күніне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастырған концерті онлайн өтті Almaty.tv

Биыл жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу үшін қала күніне орай ұйымдастырылған мерекелердің барлығы дерлік онлайн форматта өткізілуде. Әртістер алғаш рет көрерменсіз өнер көрсетіп жатыр. Бүгін «Алатау» дәстүрлі өнер театры мен Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрі ұйымдастырған мерекелік іс-шара you tube арнасынан көрсетіледі. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы тарқатсын.

Қала күніне орай ұйымдастырылған концертті «Алатау» дәстүрлі өнер театрының You tube арнасынан көруге болады. Мерекелі сахнада этно-фольклорлық ансамбль өнер көрсетіп, дәстүрлі орындаушылар ән шырқап, бишілер мың бұрала би орындап берді. Одан бөлек, өнер иелері ару Алматыны сан түрлі қырынан сипаттап, шаһарға деген махаббатын поэзия арқылы жеткізуге асықты. Ал театрдың дәстүрлі әншісі Айсәуле Қайырғазина көрерменсіз ән шырқаған қиын екен деп ағынан жарылды. Бірақ, онлайн форматта болса да, өнер көрсетіп, әлуеметті рухтандырғысы келетінін айтады.

«Көрерменсіз өнер көрсеткен, әрине, әрбір әртіске қиындау. Себебі сахнадағы көрермендердің біздерге деген ықыласы ерекше сезіліп тұрады. Әзірше осылай көрерменсіз болса да онлайн көрсетілім арқылы біз көрермендерге өзіміздің рухани құндылығымызды, рухани  байлықтарымызды көрсетіп, оларды рухтандырғымыз келеді», – деді дәстүрлі әнші Айсәуле Қайырғазина.

Қала мәдениетінің ажырамас бөлігі іспеттес Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрі қашықтан да көзіқарақты көрерменге өнер көрсетіп келеді. Мұрат Серкебаев жетекшілік ететін шығармашылық ұйымның өнерін You tube желісіндегі «Алматы әуендері» арнасынан тамашалауға болады. Көркемдік жетекші Бақтияр Тайлақбаевтың айтуынша, барлығымыз жаһандық жағдайға бейімделуіміз керек. Сол себепті өнер иелері де халыққа рухани демалыс сыйлау үшін еңбек етуде.

«Рухани байлық, руханият керек. Үйде отырып, интернет желісі арқылы ұялы телефон немесе ғаламтормен осы өнерді тамашалауға болады», – деді «Алматы әуендері» КМҚК көркемдік жетекшісі Бақтияр Тайлақбаев.

Биыл мәдениет басқармасының қолдауымен қала күніне орай алпыстан аса іс-шара ұйымдастырылды. Оның 57-сі онлайн форматта.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» теларнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир