«Алматы» телеарнасынан «Зерттелмеген Қазақстан» деректі фильмі көрсетіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Еліміздің тылсым табиғаты мен қорықтары туралы баяндайтын деректі фильмнің түсірілімі қыркүйек айында басталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Зерттелмеген Қазақстан» фильмінің тұсаукесері өтті. Еліміздің тылсым табиғаты мен қорықтары туралы баяндайтын деректі фильмнің түсірілімі қыркүйек айында басталған еді. Жоба мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық ұйымдардан қолдау тапты. Енді көрермендер Қазақстанның терең тарихынан сыр шертетін деректі фильмдер топтамасын «Алматы» телеарнасынан көре алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Түсірілім тобы фильмді Шығыс Қазақстан облысынан бастауды жөн көріпті. Бұл мекен – еліміздің ең әдемі өңірлерінің бірі. Табиғаты тұнып тұрған тарих. Жоба елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Оны жүзеге асыруға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі және экологиялық ұйымдар қауымдастығы, банктер мен холдингтер қолдау білдірген.

«Бұл туындыны жарыққа шығарудағы мақсат – тек Қазақстанның табиғатын көрсету ғана емес, сондай-ақ жастардың өз жерін бағалап, сүйіп, қорғауы үшін олардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру», – деді режиссер Талғат Жаныбеков.

Сондай-ақ деректі фильмде Екібастұз ГРЭС-і, Абылай хан резиденциясы, АЛЖИР лагері, Сайрам қалашығы мен Бозжыра шатқалының тарихы көрсетіледі. Түсірілім тобы 4 ай уақыт аралығында шежірелі мекенді аралап үлгерген. Тарихи туынды 10 сериядан тұрады. Әр бөлімі 20 минуттан болатын фильмде көрермен еліміздің терең тарихымен танысуға мүмкіндік алады.

«Бұл фильмде еліміздің зерттелмеген жерлерін нысанаға алдық. Түсірілген деректі фильм топтамасы арқылы елімізді халықаралық аренада танып, көреді. Түсірілім барысында Қазақстанның барлық облысын қамтуға тырыстық. Шамамен 100 мың шақырымды жүріп өттік», – деді «Зерттелмеген Қазақстан» экспедициясының жетекшісі Рафаэль Гасанов.

Сондай-ақ фильмнің жабық көрсетілімі кезінде «Ел бірлігі» премиясы табысталды. Еліміздегі балалар үйінің түлектеріне жан-жақты қолдау көрсету мақсатында қолға алынған жүлдені өткізу дәстүрге айналған. Игі бастаманы жыл сайын өткізудің нәтижесінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған талай жас баспаналы болып, тұрақты жұмысқа орналасты.   

«Бұл маған берілген жоғары баға. Мәселен, мен басшылық ететін Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі «Дорога молодым» қоғамдық қорымен тығыз жұмыс істейді. Соның нәтижесінде жастарымыз өздерінің түрлі креативті идеяларын жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ осы қор аясында оларға әлеуметтік көмек те көрсетілуде», – деді «Ел бірлігі» номинациясының иегері Ерұлан Қарағұлов.

«Зерттелмеген Қазақстан» фильміне тек отандық кинокомпаниялар ғана емес, шетелдіктер де қызғушылық танытып отыр. Сол себепті, фильм көпшілік көрерменге 3 тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілінде жол тартады. Оның алғашқы бөлімі 25 желтоқсан күні «Алматы» телеарнасынан сағат 19:00-де көрсетіледі.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров