Жамбыл облысында ежелгі Қарахан мемлекеті мен Түрік қағанатының халқы мекендеген қаланың орны табылды. 600 гектар аумақты алып жатқан Қаракемер шаһарына қазба жұмыстарын бастаған археологтар тарихи, құнды жәдігерлердің саны есепсіз болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Зерттеушілердің сөзінше, көне шаһар мың жыл бұрын гүлденген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін өңірдегі кезекті тарихи қала Жамбыл ауданы Құмтиын ауылының маңынан табылған. Көне мәдениеттің нышанын осыдан 85 жыл бұрын кеңестік шығыстанушы Бернштам тапқан. Дегенмен ешқандай кешенді зерттеу жүргізбеген. Ал қазба жұмыстарына білек сыбана кіріскен бүгінгі археологтардың айтуынша, екі бөліктен тұратын ежелгі қала біздің заманымыздың YII-XII ғасырға тиесілі.
– Бұл жерде Түрік қағанаттары өмір сүрген. Батыс түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері тұсындағы қала бірнеше құрылыс кезеңінен тұрады. Төрткүлтөбе 1-де көлемі 11/12 метрлік қазба жұмыстары жүргізілді, – деді археологтар тобының жетекшісі Ералы Ақынбек
Қазір мұндағы кешенді жұмыстарды Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандары жүргізуде. Олар жануарлардың сүйектеріне қарап, қала халқының қолда тек ұсақ мал ұстағанын байқауға болатынын айтты. Қазба кезінде қыш құмырадан бастап, шыны шишаға дейін табылған. Тіпті, тандыр пешінің де орны шыққан.
– Анықтап күнге қарасаңыз, ауа көпіршіктері де аз. Әдетте ауа көпіршектері жоғары болатын болса, оның балқу температурасы төмен және сапасыз болады. Мынау өте сапалы жасалған. Дәл қазір оны бізге берсең қолдан жасай алмауымыз мүмкін. Қарапайым түрде шыны бұйым жасау үшін 1200 градуста құмды ерітіп, балқытып жіберу өте жоғары дәлдікті қажет етеді, – деді зооархеолог Мәмбет Шағырбаев.
Археологиялық жұмыстар маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Мамандардың болжамынша, бұл мекеннен тарихи жәдігерлермен қоса, сирек кездесетін бұйымдардың табылуы ғажап емес.
Жомарт Есқара, Ғани Айдарқұлов, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан