«Құлдықта ұстап, қайыр тілеп ақша табуға мәжбүрледі». 10 жылдан астам уақыт бақыр сұрап, бейтаныс адамдардың қыспағынан күні кеше босап шыққан 66 жастағы әйел бар сұмдықты жайып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Тағдырдың қатал сынына ұшыраған қарттың көрмегені жоқ. Оның айтуынша, жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамастан далаға тастап, күнде «салық» салып отырған. Жоспарды орындамаған күні оңбай таяқ жеп, миына да зақым келген көрінеді.
Бейнежазба Алматыдағы базардың бірінде көпірде түсірілген. Бір қарағанда қайыр сұрап отыр дерсің, бірақ көмек сұраған қартқа қажеті ақша емес. Төсіндегі қағазға жазылған нөмірдің оған тіпті қатысы да жоқ. Бостандықты аңсаған әйелдің айтуынша, оны осы уақытқа дейін бейтаныс адамдар құлдықта ұстап, қорлық көрсетіп келген. Күнде қайыр тілеуге шығарып, айтқан соманы жинамаған кезде күш те қолданған көрінеді.
– Барлығын тартып алатын. Күні бойы жинаған ақшадан дым татырмайтын. Таңертең базар жақтағы көпірге қалдырып, кешке алып кетіп жүрді. Олар қалаған соманы жинай алмасаң, ит қорлық көрсететін. Оңбай ұрып, сұлатып түсіреді. Содан болар, есімді жөнді білмеймін. Құлдықта менен де басқа адамдар болды. Оларды қаланың басқа жағына тастайды, – деді жәбірленуші
66 жастағы әйел қазір оңалту орталығында ем алып жатыр. Оны бейтаныс адамдардың қыспағынан еріктілер құтқарып алған. «Құлдықтан босап шыққан» қарттың жанашыр туысы, не іздейтін жақыны жоқ. Құжаттан да жұрдай. «Арам пиғылдылар да осы қауқарсыздығын біліп, жоспарын іске асырды» дейді көмек бергендер.
– Бір кісі келді. Бетін тұмшалап алған, басында орамал. Ол келді де «апаны бермеймін. Ол біздікі» деді. «Сіз кімсіз?» деп сұрасам, ол келді де апаның төсіндегі телефон нөмірді жұлып алды. Сосын ол камераға түспейтінін айтты. Апаны бермеуге тырысты. Біз қарсыласып, алып кеттік, – деді «Әділ» қайырымдылық қорының директоры Оксана Маралова.
Қайырымдылық қорының директоры бұған дейін құзырлы органдарға шағымданғанын, алайда олар арызды қабылдамағанын айтты. Сондықтан түсірілім кезінде, полиция шақырдық.
– Арызын қабылдаймыз. Толыққанды тексеру жүргізіп, дене жарақатына қатысты тиісті сараптама тағайындалып, жаңағы көрсетілген нөмір арқылы банктерге сұраныстар жіберу арқылы, оның кімге тиесілі және қанша қаражат түсіп отырғанын білеміз. Тергеу әрекеті толық аяқталған кезде, мәлімдеме беретін боламыз, – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының тергеушісі Мұхамедәлі Абдинабиү
Алақан жайып, қайыр тілегендерді базар маңындағы көпірден ғана емес, қаланың басқа жерінен де кездестіруге болады. Алайда олардың расында қандай көмекке мұқтаж екенін, екінің бірі сұрап біліп жатқан жоқ. Айта кететіні, бүгінгі қоғамда өзгенің басына түскен қайғыны өзінің кәсіп көзіне айналдырғандар да бар.
Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, Алматы телеарнасы