|
20.12.2020 | 19:30
1545

Алматыда бес бірдей мәдениет ошағына «ұлттық» мәртебесі берілді

Министр Ақтоты Райымқұлова мәдениет саласы қызметкерлеріне наградалар табыстады

Алматыда бес бірдей мәдениет ошағына «ұлттық» мәртебесі берілді Фото: ашық дереккөзден

19 желтоқсан күні Алматыдағы бес бірдей мәдениет ошағы ұлттық мәртебеге ие болды. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, шаһардағы бірқатар мәдениет саласы қызметкерлеріне Мемлекеттік наградаларды табыстады. Толығырақ, мерекелік шараға қатысып қайтқан Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.  

Тәуелсіздік күніне орай Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада шаһардағы бірқатар мәдениет қайраткерлері бас қосты. Салтанатты рәсімге еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, Президент жарлығы бойынша М.Әуезов атындағы драма театры мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне, сондай-ақ, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен «ҚР Ұлттық кітапханасы» мекемелеріне «Ұлттық» мәртебесі берілгенін жариялады.

Өнер мен мәдениеттің қара шаңырағына айналған бұл мекемелердің ұлттық мәртебеге ие болуы – көптен күткен қуаныш дейді қоғам зиялылары.

«Бүкіл қазақ сахнагерлерін, сахна сүйер қауымды осындай үлкен мәртебемен құттықтаймын. Шын мәнінде ұлттың рухын айтатын, ұлттың сөзін сөйлейтін, ұлттың намысын қорғайтын өнер болатын болса, соның бірі осы – Мұхтар Әуезов театры деп есептеймін», - деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін ЖУАСБЕК.

Шара барысында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген елеулі еңбегі және елдің мәдени дамуына қосқан айтулы үлесі үшін бірқатар мәдениет саласы қызметкерлеріне «Парасат», «Достық» және «Құрмет» ордендері табысталды. Ал «Қыз Жібек» көркем фильмінің экранға шыққанына биыл 50 жыл толуына орай, еліміздің еңбек сіңірген халық әртістері мен киноматография ардагерлері Президент жолдаған арнайы құттықтау хатын алды.

«Шын жүректен құттықтаймын! Жүрегім дірілдеп тұр. Шын тәуелсіздікке шынында да осы 1991 жылы ғана жеттік. Адамның еңбегін, өмірін бағалаған, әрине, өте қуанышты. Мұндай қуаныш жиі бола бермейді», - деді «Қыз Жібек» фильмінің дыбыс режиссері Қадыр ҚОСАЙ.

«Бүгінгі күнгі Қазақстанның жетістіктеріне біз шүкір деуіміз керек. Осыны көрсеткен Жаратқанға біз мың шүкір, тәубе, рахмет айтуымыз керек. Бүгін бізді марапаттап жатыр. Көп рахмет! Қандай да болсын марапатты мен халқымның, елімнің, жерімнің арқасы деп білемін!», - дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының хореографы Перизат ОМАРБЕКОВА.

Сондай-ақ, «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен мегаполистің мұражай мен мұрағат қызметкерлері, спорт саласының майталмандары да марапатталды. Кеш соңында концерттік бағдарлама қойылып, өнер ошағының білімгерлері мерекелік әндер шырқады.

Аяулым Көлжігіт, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир