Соңғы үкім: көркем фильм еліміздегі барлық кинотеатрда көрсетіледі

25.05.2024 00:45

Басты рөлді Азамат Сатыбалды сомдаса, ұлт көсемінің адал жарын актриса Дарья Александрова ойнаған

Almaty.tv

Қазақтың көрнекті ағартушысы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының қилы тағдыры мен өмірінің барлық кезеңін қамтыған «Соңғы үкім» көркем фильмі жарыққа шықты. Бірнеше жыл бойы әзірленген туындыны шығару кезінде сала мамандары шынайы тарихи деректерге сүйенген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

XX ғасырдың басында қазақ саяси элитасы көшбасшыларының бірі – Ахмет Байтұрсынұлының өмірі жайында түсірілген туынды, елеулі оқиғаларымен бірден көрермендерді баурап алады. Қазақ қоғамын білім нәрімен сусындатып, азаттыққа қол жеткізу үшін аянбай еңбек еткен көрнекті тұлғаның тағдыры тарихи деректермен шынайы суреттелген. Еңбек жолында талай тауқыметті басынан өткізген ұлт ұстазы соңына дейін күресіп өткен. Жас кезінен бастап, қапастағы қилы кезеңдері бейнеленген туындыны жарыққа шығару үшін талай қажырлы жұмыс атқарылған. Сол дәуірдің бейнесін көрсету үшін түсірілім тобы біршама зерттеу жүргізіпті.

– Бұл киноны көшеден келіп, көре салуға болмайды. Арнайы дайындықпен адам келіп, саналы көрермен көруі керек. Сонда ғана автордың әрбір жасырған құпиясын шеше алады, қабылдайды. Басқа кинолардан мүлде бөлек, – деді актер Азамат Сатыбалды.  

Сол кездің тарихи жағдайын жақсы білу керек. Шым-шытырық, қым-қуыт оқиғалар.  Сәл шатасып кетсең, бір сценада өтірік айтсаң, қалғаны түгел құлайды. Локация – ең ауыр нәрсе. Қазақ хандығы тұсындағы оқиғаны түсіру оңай сияқты, киіз үйді тігесің де, әскерлеріңді шапқызып жүре бересің, – деді сценарий авторы, продюсер Ғалым Доскен.

Көркем фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен жарыққа шықты. Ағартушының болмысы мен бейнесін айнытпай көрсетуге тырысқандар Алматы, Семей қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы облыстарында түсірілім жүргізген. Басты рөлді Азамат Сатыбалды сомдаса, ұлт көсемінің адал жарын актриса Дарья Александрова ойнаған. Жабық көрсетілімнен кейін кинотуынды оң бағасын алды.

– Ахмет Байтұрсыновтың салдарлы, ақылды, үлкен азамат екенін көрсеткен. Маған ұнады. Актер кейіпкерді аша білуі керек. Азамат міндетін жақсы орындады, – деді ҚР Еңбек ері Асанәлі Әшімов.

Ұлт ұстазының өмірін шынайы көрсетуге тырысқан түсірілім тобы Ахмет Байтұрсынов деп көзі тірісіндегі аты-жөнін қалдыруды шешкен. Репрессия кезінде Алаш қайраткеріне «Соңғы үкімнің» қалай орындалғанын еліміздің барлық кинотеатрынан көруге болады.

Мадина Оқас, Бауыржан Жақсымбет, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Соңғы үкім: Ахмет Байтұрсынов туралы фильм жарыққа шықты