Халқымыздың біртуар перзенті, қайраткер тұлға, ағартушы Ахмет Байтұрсынов туралы жаңа фильм жарыққа шықты. «Соңғы үкім» деп аталатын толықметражды тарихи драма ұлт ұстазының күреске толы тағдырының мәлім де беймәлім қырын паш етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшіісі.
«Соңғы үкім» тарихи кинодрамасының алдын ала көрсетілімі Астанадағы кинотеатрлардың бірінде өткізілді. Туынды көрсетілмес бұрын Ахмет Байтұрсынұлының суреттері қойылған шағын көрме ұйымдастырылған. Келген көрермен ұлт ұстазының картиналарын тамашалады. Қайраткер тұлға туралы фильмнің сценарий авторы Ғалым Доскеннің айтуынша, «Соңғы үкім» тарихи драмасы нақты деректерге сүйеніп түсірілген.
– Фильм сол кездегі саяси жағдайға сәйкес келе ме, жоқ па? Бұл сұраққа кез келген уақытта жауап бере аламыз, – деді сценарий авторы, продюсер Ғалым Доскен.
Фильмде Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған, қазақ зиялыларының алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған бастауыш сынып мұғалімінің өмір жолы туралы баяндалады. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің негізін салып, XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны қалай тең тұтқаны көрсетіледі. «Соңғы үкім» фильмінде басты рөлді Азамат Сатыбалды сомдаса, ұлт ұстазының адал жарын Дарья Александрова ойнаған.
– Қолымнан келгенше түсінуге тырыстым. Ғалым ағаның еңбегі зор, ол кісі менімен тікелей жұмыс істеп, болмысыма Ахмет ағамыздың заманындағы қиындықты, атмосфераны сіңіруге барын салды, – деді актер Азамат Сатыбалды.
– Мен мұндай маңызды рөлді алғаш сомдап тұрмын. Авторлар көп жұмыс істеді. Кейіпкерімді түсіну үшін 6-7 сағаттап сценариспен әңгімелесуге тура келді. Рөлге ену үшін ұзақ жұмыс істедік. Ендігісін көрермен айта жатар, – деді актер Дарья Александрова.
Авторлардың айутынша, «барлық ісі келер ұрпақтың игілігіне айналады» деп сенген ұстаз өмірінің соңғы сәттерінен сыр шертеді. Кинотуындыны Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
– Мемлекет басшысы атап өткендей отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мемлекет тарапынан өскелең ұрпаққа терең тарихымыз бен бай мәдениетімізді кино түрінде насихаттауға айрықша назар бөлінуде, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
«Соңғы үкім» тарихи кинодрамасы Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарында түсірілгенін де айта кету керек.
Еске салайық, қаламалды туынды ертеңнен бастап елдің барлық кинотеатрында көрсетіле бастайды.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Бір түнде 12 мың адам Алматы музейлеріне барды