Алматыда ХІ халықаралық «Бастау» кинофестивалі басталды. Бес күнге жалғасатын байқау студенттік және дебюттік фильмдерге арналады. Жыл сайын ұйымдастырылатын дода биыл да Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ игі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Tanaris Production және A-Team кинокомпаниялары сеп болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәстүрлі түрде өтетін бұл фестивальдің басты мақсаты – мүйізі қарағайдай өнер майталмандарымен байланыс орнату. Соның арқасында іс-шара кино саласындағы талантты жастар мен кәсіби мамандарға шығармашылық шабыт пен серпінді даму беретіні анық.
– Әр фестивальдің ешкімге ұқсамайтын мақсаты, тақырыбы болуы керек. Біздің негізгі тақырып – жастарды қолдау, жастарға жан-жақты көмек көрсету, – деді халықаралық «Бастау» кинофестивалінің директоры Сергей Әзімов.
Он бірінші рет өтіп отырған жас киногерлер фестивалінің шымылдығын режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» тарихи драмасы ашты. Туындыда жапондық жас жігіт Ахико Тецуроның тағдыры баяндалады.
– Байқауға қатысып жатқан жастар көп. Шетелден 70-80 өтінім түскен. Оның бәрін конкурсқа алу мүмкін емес. Ішінен таңдап, жақсысын алдық, – деді режиссер, әділқазы мүшесі Болат Қалымбетов.
Фестивальге қатысу үшін Испания, Франция, Румыния, Польша, Үндістан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да алыс-жақын елдерден 700-ден астам өтінім келіп түскен.
– Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы дәстүрлі байқауды қолдап келеді. Біріншіден, ұлттық өнерді ғаламдық деңгейге көтеріп, екіншіден, ғаламдық өнерді ұлттық өнермен ұштастыратын фестивальдің бірі деп айтуға толық негіз бар, – деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының міндетін атқарушы Шыңғыс Ергөбек.
Жастарға мол мүмкіндік беретін дүбірлі дода 16 желтоқсанға дейін жалғасады. Бес күнде жас киногерлердің тырнақалды туындыларына кәсіби мамандар баға береді. Ал «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар фестиваль соңында анықталып, бағалы сыйлықпен марапатталады.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы