Алматыда жазушы Сайын Мұратбековтің 85 жылдығына орай кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық кітапханада болған шараға шығармашылық жолдың саңлақтары мен ғалымдар қатысып, қаламгердің қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін сөз етті. Сондай-ақ оның шығармашылық ерекшелігіне тоқталып, қазақ тілі барда тұлғаның еңбегі еселене беретінін айтты.
«Қазақ әдебиетінің көгіне ерекше жұлдыз болып көтерілген жазушы еді. Ол кісі ортаңқол дүние жазбайтын. Бір ғажайып қасиеті, қай әңгімесін алсаңыз да, «Мен Сайынмын» деп сөйлеп тұратын», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай.
Сайын Мұратбековтің алғашқы шығармалары 50-ші жылдардың аяғында жариялана бастаған. Көзін көрген замандастарының айтуынша, жазушының алғашқы еңбектерінен-ақ қазақ әдебиетінде есімі алтын әріптермен жазылып қалатыны белгілі болған. Себебі оның шығармалары шынайылығымен, сондай-ақ оқырманды бірден баурап алар құнарлы тілімен ерекше.
«Сәкеңнің алғаш «Ауыл оты» деген шығармасы оқыдым. Тура бір біздің ауылды жазған сияқты. Қыстыңгүні, адамдардың сезімі, жылы ықыласы, бәрі ғажап суреттелген. Бір қарағанда, сөйлемдері де керемет, көркем болғанмен, күрделі емес», – дейді жазушы Нұрдәулет Ақыш.